Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы Қазақстанда өңірлік климаттық саммит өткізуді ұсынды

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат – Аралды құтқару халықаралық қорының қызметі ауқымында бірлескен күш-жігерді жандандыруға ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдеріміз климаттың өзгеру салдарымен жиі бетпе-бет келіп отыр. Бұл тұрақты даму үшін қосымша қатер төндіре отырып, азық-түлік қауіпсіздігіне тырыс ықпал етеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың белсенді әрі жауапты мүшесі ретінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын қойып отыр. Ол үшін өзекті климаттық тенденциялар мен халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, тиісті стратегия бекітілген. Біз тұйық цикл экономика ұстанымдарын белсенді енгізіп жатырмыз. Еліміздің энергия теңгерімі құрылымындағы жаңаратын энергия көздерінің үлесі 4,5 пайызға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайызға жетуі тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы тұрғыда «Global Gateway» стратегиясын және «Team Europe» бастамасын іске асыру аясында Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі, су ресурстары, жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша бірлескен күш-жігерді жандандыру орынды болатындығын баса айтты.

«Аралды құтқару халықаралық қорының қызметі ауқымында бірлескен күш-жігерді жандандыруға ерекше назар аудару қажет. Алматы қаласында Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құруды, сондай-ақ 2026 жылы Қазақстанда өңірлік климаттық саммит өткізуді ұсынамыз», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар