Қастерлі Тәуелсіздігімізді бағалай білейік – Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әрдайым қастерлі Тәуелсіздігімізді бағалай білейік. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарға Жеңіс күні мерекесіне орай арнаған құттықтауында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Сенат спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Кейін ұлтымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының ескерткішіне арнайы барды.

«Бәукең – қазақ үшін ерлік пен өрліктің символы. Аты аңызға айналған батырдың тұлғасын біз қашанда ардақ тұтамыз.

Еңселі елдік – ерен ерліктің нәтижесі. Сондықтан аталарымыз бен әкелеріміздің даңқты жолын әрдайым ұлықтау – біздің перзенттік борышымыз. Сол себепті таяуда ғана Мемлекет басшысы ерлігі уақытында ескерілмеген батырлар Төлеуғали Әбдібековке, Александр Несмияновқа және Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағын берді. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтірудің жарқын көрінісі.

Бейбітшілік пен береке-бірліктің қадірін арттыратын мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін! Әрдайым қастерлі Тәуелсіздігімізді бағалай білейік. Жеңіс күні құтты болсын!», - деп жазды М.Әшімбаев Facebook-те.


Соңғы жаңалықтар