Қастеев атындағы өнер мектебі жекеменшікке сатылып кетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы бейнелеу өнері мен техникалық дизайн мектебі бәссаудада үшінші реттен сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қаржы басқармасының ҚазАқпарат тілшісінің сауалына берген жауабында өнер мектебінің 270 млн теңгеге сатылғаны айтылды.

Бастапқыда нысанды тәуелсіз бағалаушы  657 479 000 теңгеге бағалаған болатын.

2017 жылы 18 тамызда сатып алушылар болмауы себепті сауда болмады.

Екінші рет 20 қыркүйекте бастапқы құны екі есеге арзандатылып 328 739 500 теңге болды. Тек 1 қатысушының келуіне байланысты тендер болмады.

19 қазанда басты бағасы 164 369 750 теңгеден басталды. 4 қатысушының ішінде ең жоғары баға - 270 млн теңге ұсынған қатысушы сатып алды.

Өнер мектебін сатып алған компанияның өкілі Рамазан Тұңғышбаев келісімшарттың басты талабы - мектептің профилі сақталуы екендігін атап өтті.

«Адамдар айтып жатқандай, ол жерде ешкім бизнес орталық салып, жерді пайдалануды көздеп отырған жоқ. Ғимарат 1981 жылы салынған, ескі. Сондықтан ол ғимарат емес оның ішіндегі мазмұны басты құндылық болып отыр. Мектепте 700 оқушы білім алып жатыр, мамандар базасы қалыптасқан. Біз ұжымды дамытып, халықаралық  дәрежеге көтереміз», - деді Тұңғышбаев.

Жаңа қожайындардың айтуынша, жақын арада бағдарлама өзгермейді. Олар жаңа технологияларды дамытып, жаңа бағыттарды дамытуға мүдделі екендіктерін айтты.

Ал нысанның профилі сақталуын қалалық қаржы басқармасы қадағалайтын болады. Егер, бұл шарт сақталмаса нысан мемлекетке қайтарылады.

Басқарманың хабарлауынша, 2014 жылы Үкімет бекіткен өнер мектебі Жекешелендірудің кешенді жоспарына енген.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен муниципалды нысандардың жекеменшікке берілуі 2018 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

«Күнтізбеге сәйкес 2017 жылы бұл нысан бәсекелі ортаға берілуі тиіс болған. Ең басты шарт нысанның профилі, бағыты жабылғанша сақталуы тиіс. Сонымен қатар ғимарат та сақталуы керек», - деді қаржы басқармасынан.

Алматы әкімдігі 2017 жылы мемлекет меншігіндегі нысандардың -  80%-ын, 2018 жылы 20 %-ын сатып жіберуді көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар