Каспийдің жаңа мәртебесі Қазақстанға қандай мүмкіндіктер береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою арқылы Қазақстан үшін бірқатар мүмкіндіктер ашылып отыр. Бұл мүмкіндіктерге ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы Геосаясат және аймақтық зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Арыспай Қабдуғалиев баға беріп көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан ашық теңізге шыға алмайтын құрлықтық елден теңіз державасына айналып келеді», - деді сарапшы.

Құжаттың арқасында барлық Каспий маңы елдерінің ресурстық-көліктік әлеуеті ашылады. Оның ішінде Қазақстан үшін көмірсутектерді, жеке өнімдер мен транзиттік тауарларды еуропалық және азиялық нарықтарға тасымалдау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Сонымен қатар Каспий өңірінен тауарларды тікелей Еуропаға шығаруға жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде бірінші кезекте трансқұрлықтық тасымалдарды оңтайландыруды әрі теңіз порттарын жаңғыртуды ынталандырады.

Сонымен бірге, Конвенцияға қол қою нәтижесінде - Каспий түбімен құбыр тарту бойынша жобаларды қайта қолға алуға жол ашылады. Ең бастысы, Каспий маңы елдерінің бір келісімге келуі оқиғасы мемлекетаралық кооперацияның жаңа деңгейін көрсетіп отыр.

«Аймақтық деңгейде Каспий маңы мемлекеттерінің жақындасуымен қатар, жалпы Орталық Азия елдерінің қатынастарын нығайтуға ынталандырушы күш-жігер пайда болды. Бұдан бөлек, энергия ресурстарын өндіру мен тасымалдаудан бастап, экология мен қауіпсіздік саласында уағдаластыққа келу секілді қадамдардың кең шоғырын қамтиды. Ал жаһандық деңгейде Каспий маңы елдерінің ұлттық даму бағдарламалары әлемнің алдыңғы қатарлы державалары ұсыныстарымен түйіндеседі», - деді А. Қабдуғалиев.

Сарапшының пайымынша, Конвенцияны бекіту - барша Каспий өңірі үшін аса маңызды оқиға. Себебі осы мемлекеттерде 260 млн адам өмір сүреді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, оның ішінде 15 миллионы Каспий теңізінің ресурстары есебінен тіршілік етуде.

Соңғы жаңалықтар