Каспийдегі итбалықтардың нақты неден қырылғанын анықтау мүмкін емес - министрлік
2022 жылғы 29 маусым 11:25

Каспийдегі итбалықтардың нақты неден қырылғанын анықтау мүмкін емес - министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маусымның бірінші онкүндігінде итбалықтардың өлекселері табылған жерлерден тексеру нәтижелері алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Гидробиология және экология институтының, «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, «Қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі» ЖШС ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ Балық шаруашылығы комитеті, Маңғыстау облысының экология департаменті және ҚР Ауыл шаруашылығы Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің құзыретті мемлекеттік органдарының өкілдері қатысқан талқылау нәтижесі бойынша биылғы жылдың 24 маусымында итбалықтардың өлімі бойынша қорытынды дайындалды.

Осы қорытындыға сәйкес, табылған өлекселердің қатты ыдырауына байланысты, жануарлардың өлімінің нақты себептерін анықтау мүмкін болмады. Сонымен қатар, ғалымдар мен құзыретті мемлекеттік органдардың пікірінше, жаңа туған күшіктердің мұз үстінде ашық теңізге шығару салдарынан олардың әлсізденуі, күшіктердің суға түсуі салдарынан қатып қалуы, ересек итбалықтардың балық аулау торларына түсуі, сондай-ақ олардың кемелердің бұрандаларына түсуі өлуінің ықтимал себептері болуы мүмкін.

Ғылыми ұйымдар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері Каспий теңізінде жүргізіліп жатқан түп тереңдету жұмыстары табылған итбалықтардың қырылуына тікелей әсер етпейді және олардың өлуінің ықтимал себебі ретінде қарастырыла алмайды деген ортақ пікірге келді.

Каспий итбалығы трансшекаралық су жануарлары болғанына байланысты, 2021 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы барысында Қазақстан мен Ресей Экология министрліктері арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі 2021-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

«Мемлекет басшысы Каспий итбалығы популяциясының азаюын шешу мәселесін жеке бақылауына алды және бүгінгі күні Министрлік Каспий итбалығының көбею және мекендеу орындарын сақтау үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру мәселесін пысықтауда. Бүгінгі таңда тиісті жаратылыстану-ғылыми негіздеме әзірленуде.

Бұдан басқа, 2020 жылдан бастап Каспий итбалығы жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне енгізілді (Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы) және ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін аулау 3000 АЕК дейін айыппұл салуға немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеумен жазаланады.

Өз кезегінде, биылғы жылдың көктемінде Каспий теңізінің жағалауында итбалықтардың өлекселері табылғанына байланысты Маңғыстау облысының полиция департаментіне процестік шаралар қабылдау үшін тиісті материалдар жолданды»,-делінген министрліктің хабарламасында.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT