Каспийдегі халықаралық круиз келесі жылы іске қосылуы мүмкін – Көлік комитеті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Әзербайжан-Ресей мемлекеттерінің арасын жалғайтын шеңберлі круиздік маршрут келесі жылы іске қосылуы мүмкін.

Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тілепов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Каспий айдынында круиздік туризмді дамыту бағытында шектесіп жатқан 5 мемлекет өз тарапынан тиісті жұмыстарды атқарып, негізгі мәселелерді шешіп жатыр. Мысалы, біз жақтан Ақтау қаласының қалай түрленгенін көріп отырсыздар. Жағалау абаттандырылып, қонақүйлер бой көтерді. Маңғыстау облысының, Ақтау қаласының туризм саласындағы әлеуеті зор. Біздің ендігі күтіп отырғанымыз – круиз лайнері. Оны Ресей тарапы Астраханьда салып жатыр. «Русь Великая» деген кеме болады. Келесі салынып болады-ау деймін», - деді комитет өкілі.

Сондай-ақ, ол аталған круиз лайнерінің қандай маршрутпен қатынайтынын айтты.

«Содан кейін осы маршрут ашылады. Яғни, Астраханьнан бастап Ақтауға, Ақтаудан Түрікменстанның «Аваза» деген демалыс базасына, одан әрі қарай Иранның Намирабадына, Намирабадтан Бау мен Махачкалаға қатынайды. Осылайша болашақта 5 мемлекетті аралайтын шеңберлі туристік маршрут болады», - деді Қасым Тілепов.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауда Транскаспий бағдарын дамытуды тапсырған еді.


Фото: turantimes.kz
Соңғы жаңалықтар