Каспийде Әзербайжан азаматтарын ұстау кезінде қазақстандық шекарашылар 25 рет ауаға оқ атқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық шекарашылар Каспийдің қазақстандық бөлігінде жүрген Әзербайжан азаматтарын ұстайтын кезде атыс қаруынан 25 рет оқ атқып, ескерту жасаған.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі таратқан баспасөз-баянынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (ҚР ҰҚК ШҚ) ақпараты бойынша, 2020 жылғы 30 сәуірде қазақстандық шекарашылар бортында Әзербайжанның 4 азаматы бар «байда» үлгісіндегі шағын көлемді кемесін ұстаған. Бұл оқиға түнгі сағат 03:55-те (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Ұлық (Ракушечный) мүйісінен оңтүстікке қарай 30 миль қашықтықта болған.

Ұсталған кеме ҚР аумақтық суларынан табылды. Шекараны бұзушылар шекара катері экипажының халықаралық теңіз заңнамасына сәйкес кемені тоқтату туралы талаптарына қарамастан тиісті жауап қайтармай, мемлекеттік шекара катерінің алдында соқтығысуға қауіп төндіре отырып, үлкен жылдамдықта қауіпті маневр жасаған.

Шекара бұзушыларды қазақстандық сарбаздар 1 сағат 40 минут бойы қуған. «ҚР Мемлекеттік шекарасы туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес кемені мәжбүрлеп тоқтату үшін шекарашылар қару қолданған. Осылайша, қарудан ауаға 25 ескерту ретінде оқ атып, 87 рет жүру бағыты бойынша және 185 рет шекара бұзушылардың кеме қозғалтқыштарына оқ жаудырған.

Қаруды қолдану салдарынан үш құқық бұзушы жарақат алды. Ұстау кезінде зардап шеккендерге дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қабылданған шараларға қарамастан, жағаға келген кезде жедел жәрдем дәрігерлері ұсталған адамдардың бірінің қайтыс болғанын анықтады.

Қазіргі таңда ҚР құзыретті органдары ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 392-бабы 1-бөлігіне сәйкес мемлекеттік шекараны бұзу фактісі бойынша тергеу іс-шараларын жүргізуде.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі хабарлағандай, ұсталған төрт браконьердің үшеуі 2017 жылы осы іспеттес тәртіп бұзғаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Қазақстан тарапы қаза тапқан Әзербайжан азаматының отбасына көңіл айтады. Бүгін таңертең қаза тапқан адамның денесі Әзербайжан тарапына берілді.

Бұл оқиғадан Әзербайжан тарапы толық хабардар.

Қазақстан тарапы Әзербайжан азаматтарының ҚР Мемлекеттік шекарасын бұзу фактілерінің жиіленуіне алаңдаушылық білдіреді. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 41 ӘР азаматы ұсталды, оның 33-і ҚР Мемлекеттік шекарасын бұзғаны үшін сотталды.


Соңғы жаңалықтар