Каспий жағалауындағы өрт: 550 гектар аумақта қамыс жанған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Каспий теңізінің жағалауында 550 гектар аумақтың қамысы өртенген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін, 11 қазанда жергілікті уақытпен сағат 12:00-ге дейін жағалаудағы қамыс өртінің екі фронтальды жану ошағы анықталған.

«Оның бірі Исатай мен Құрманғазы ауданының шекарасындағы Мақаш ауылдық округінің, ал, екіншісі Теңіз ауылдық округінің аумағында орналасқан. Өртенген аумақ 550 гектарды құрайды. Бүгінге дейін 420 гектар аумақтың өрті сөндірілді. Оның ішінде су ағызу құрылғысының көмегімен 35 гектарда, жеке құрамның күшімен 197 гектарда жанған жалын жойылды. Ал, 188 гектардың өрті өздігінен сөнді» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағымен аэровизуалды тексеру жүргізілген. Тікұшақтың су шашу құрылғысымен 21 рет су төгілді. Жалынды сөндіру үшін төгілген судың мөлшері 63 тоннаны құраған.

Бүгін өртті сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 34 адам, 5 техника, 4 мотосорғыш, 1 генератор, 40 жең, 1 үрлемелі шатыр, О.Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжінен 1 адам, 1 John Deere-6135b тракторы, сондай-ақ, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 5 қызметкері мен «МИ-871» тікұшағы жұмылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақпен 30 тонна су төгілгенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар