Каспий жағалауындағы қамыс өртінің ошағынан екі өрт сөндіруші эвакуацияланды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінің ошағынан екі өрт сөндіруші қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Құтқарушылардың жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігі түгі қалмай жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына сүйенсек, бүгін, 20 қыркүйекте кешкі сағат 20:00-де қамыс өртінің аумағы ұлғайған.

«Қазір Атырау қаласындағы Тасқала ауылынан 40 шақырым қашықтықта Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс жанып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің ТРЭКОЛ көлігі теңіз жағалауындағы батпаққа батып қалды. Қамыс өрті жол талғамайтын көлігін шарпып, ондағы екі өрт сөндірушіге қауіп төнді. Қазір өрт ошағында қалған көліктен екі өрт сөндіруші қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олар дін аман, зардап шеккен жоқ. Ал, ТРЭКОЛ көлігі жанып кетті», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Алайда, Атырау қаласында түтіннің иісі сезіліп тұр. Шаһар көшелерінде өртенген қамыстың күлі ұшып жүр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері жағалаудағы қамыс өртін сөндіруді жалғастырып жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий жағалауындағы қамыс өрті бір аптадан бері сөнбей тұрғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар