Каспий жағалауындағы қамыс өрті бір аптадан бері сөнбей тұр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында тұтанған қамыс өрті бір аптадан бері сөнбей тұр. Қазір қамыс өртінен елді мекендерге қауіп тұрған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, теңіз жағалауындағы қамыс өрті 14 қыркүйекте сағат 20:40 шамасында басталған.

«Бүгін 20 қыркүйекте жергілікті уақытпен сағат 08:57-де қамыс өртінің әлі өртеніп жатқаны тіркелді. От Атырау қаласының маңындағы Кеңозек ауылдық округіне қарайтын Алғабас ауылынан Каспий теңізіне қарай 40 шақырым қашықтықта жанып жатыр. Қамыс өртінен елді мекендерге төніп тұрған қауіп те, одан зардап шеккендер де жоқ. Өрттің аумағы анықталып жатыр», -хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінің елді мекендерге таралуын болдырмау үшін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылған.

Бұдан бұрын Атырау қаласынан 30 шақырым жерде 6 гектар қамыс жанғанын хабарлаған едік.

Кейін төтенше жағдайлар департаменті қамыс өртін сөндіруге теңіз жағалауындағы батпақ кедергі болып тұрғанын мәлім етті .

Бұдан соң қамыс өрті 16 гектарға жетіп , түтіннің иісі Атырауда сезілді .



Соңғы жаңалықтар