Каспий жағалауындағы қамыс өрті 16 гектарға жетті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий жағалауындағы қамыс әлі жанып жатыр. Өрт шарпыған аумақ 16 гектарға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінің аумағы 16 гектарға жайылған.

«17 қыркүйек, сағат 19:45-тегі жағдай бойынша Атырау қаласындағы Кеңөзек ауылдық округінен Каспий теңізіне қарай 40 шақырым жерде жана бастаған қамыс өртінің аумағы шамамен 16 гектарға жетті. Қамыс 14 қыркүйектен бері жанып жатыр. Теңіз жағалауындағы аумақтың батпақ болуына байланысты отты сөндіруге мүмкіндік жоқ. Оңтүстіктен соққан желдің екпіні – 4 метр/секунд. Желдің бағыты Атырау қаласына қарай болғандықтан, түтіннің иісі сезіліп тұр. Алайда, өрттен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Теңіз жағалауындағы қамыс өртін елді мекендерге таралуының алдын алуға Атырау облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінен 18 қызметкер мен 5 техника тартылған.

Еске салайық, Атырау қаласынан 30 шақырым жерде 6 гектар аумақта қамыс жанып жатқанын хабарлаған едік. От 14 қыркүйек күні сағат 20:40-та тұтанған. Кейін қамыс өртін сөндіруге теңіз жағалауындағы батпақ кедергі болып тұрғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар