Каспий жағалауында өртенген қамыстың бір ошағында от сөндірілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар министрлігі алапат өртке әуеден барлау жасады. Қазір шамамен 400 шаршы метр алаңда екі жерде қамыс ашық отпен жанып жатса, 1 га алаңда қамыстың бір ошағы бықсып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына таралған жоқ.

Сөндіру жұмыстарын жүргізген сәттен бастап су ағызу құрылғысы бар ТЖМ МИ-8 тікұшағы 33 рет жалын ошағына су шашты.

«Шамамен аумағы 400 шаршы метр болатын қамыстың ашық отпен жанып жатқан бір ошағы сөндірілді. Өрт сөндіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр» делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау қаласынан 30 шақырым жерде 6 гектар қамыс жанғанын хабарлаған едік.

Кейін төтенше жағдайлар департаменті қамыс өртін сөндіруге теңіз жағалауындағы батпақ кедергі болып тұрғанын мәлім етті.

Бұдан соң қамыс өрті 16 гектарға жетіп, түтіннің иісі Атырауда сезілді.

Каспий жағалауында тұтанған от бір аптадан бері лаулап жатыр. 20 қыркүйек күні өрт ошағында қалып қойған екі өрт сөндіруші эвакуацияланды.

Кейін Каспий жағалауындағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылды.


Соңғы жаңалықтар