Каспий жағалауында өртенген қамыс түтінінің иісі Атырауда сезіліп тұр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Каспий жағалауында өртенген қамыс түтінінің иісі Атырау қаласында сезіліп тұр. Қамыс өрті 14 қыркүйектен бері сөнген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін 18 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында қамыс өрті әлі жалғасып жатыр.

«Бүгін жергілікті сағат 12:00-дегі жағдай бойынша Каспий теңізінің жағалауындағы 20 гектар аумақта қамыс өртеніп жатыр. Атап айтқанда, Атырау қаласы Кеңозек ауылдық округіндегі Алғабас ауылынан Каспий теңізіне қарай 40 шақырым қашықтықта. Теңіз жағалауында өртенген аумақ батпақты, өрт сөндіру техникаларының жүруіне қолайсыз болып тұр. Соған байланысты өртті сөндіру мүмкін емес», - деп хабарлады қоғаммен байланыс тобы.

Оңтүстік-шығыстан шамамен 5-7 метр/секунд жылдамдықпен соққан желдің бағыты Атырау қаласына қарай болғандықтан, шаһарда түтіннің иісі анық сезіледі. Бірақ, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өрттен ешкім зардап шекпеген.

Каспий теңізінің жағалауындағы өртті қарауылдау үшін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 33 қызметкер, 7 техника, оның ішінде 4 АЦ, 1 АСА-20, 1 Газель мен 1 ТРЭКОЛ көлігі тартылған. Департаменттің өрт сөндірушілеріне қамыс өртінің елді мекендерге қауіп төндірмеуін қадағалау тапсырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауындағы қамыс өрті 16 гектарға жеткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар