Каспий жағалауында 5 күн жанған қамыс өрті сөндірілді

None
Фото: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий жағалауында 5 күн жанған қамыс өрті сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, қамыс өрті кеше, 6 сәуірде сағат 21:30-да толық сөндірілген.

«Қазақстан ғарыш сапары» космомониторингінің қорытындысына сәйкес «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің жалпы ауданы 1 200 гектарды құраған.

«Каспий жағалауындағы батпақты, сулы жерде 2 сәуірде қамыс өрті тұтанды. Бұл – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтағы аумақ. Жалыннан флора мен фауна зардап шеккен жоқ. Өйткені құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмаған» деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Қамыс өртін сөндіруге 5 күн бойы департаменттен 42 қызметкер, 7 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа жұмылдырылған.

Ал, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағынан СТҚ-5 құрылғысымен 260-қа жуық тонна су төгілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын жазған едік.

Кейін Атырау облысындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақ тартылатынын жазған болатынбыз.

Ал, Атырау облысының әкімдігі «Ақжайық» резерватын өз балансына беруді сұраған еді.

«Қазір «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы өте үлкен. Бұл – 115 мың 500 гектар. Резерват Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайды. Біз оны Атырау облысы әкімдігінің теңгеріміне алғымыз келеді. Әкімдік балансына Каспий теңізінің Ресей Федерациясындағы Астрахан облысының шекарасынан Маңғыстау облысының шекарасына дейінгі аралықтағы аумағының берілуін сұрадық. Егер бұл мәселе шешілсе, онда резерватқа облыс бюджетінен қаржыландыру қарастырылады. Алдымен Каспий теңізінің жағалауындағы резерват аумағында балық және аң аулауға тыйым салынады. Қамыс өртінің алдын алу үшін бейнебақылау және тепловизорлар орнату жоспарланып отыр», - дейді Жасұлан Бисембиев.


Соңғы жаңалықтар