Каспий жағалауы туристік нысанға айналады

None
None
 АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауындағы  жартастар жарықтандырылып, 2 шақырым жерге екі жағы қоршалған жол салынбақ. Бұған қоса қала әкімі Ғалымжан Ниязов 14-15 шағынаудандағы теңіз жағалауына биіктігі 11 метрлік 100 дана жасанды пальма отырғызуды да ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жартастағы соқпақ» жобасы аясында барлық жағалаудағы жартастар әр түрлі түсті шамдармен жарықтандырылады. 24 шолу алаңы да салынады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әр 30 метр сайын бейнебақылау қойылмақ. Сондай-ақ, жасанды сарқыраманы іске қосу жоспарланып отыр.

Жобаның мақсаты - теңіз жағасын табиғи мұражайға айналдыру.  Ақтауға туристерді тарту.

Жоба аясында жартас қуысына қазақ жазулары мен Маңғыстау тастарындағы таңбалар, аймақтың тарихы туралы ақпараттар қашап жазылмақ. Құрылыс кезінде 20 жылға жарамды ағаш полимерлі материалды қолдану көзделіп отыр. Жоба авторларының айтуынша, бұл өңірдің табиғатына, ауа-райына төзімді болмақ. Сүрлеу жолды салар кезде жартастарға  зиян келтірілмейді.

1 миллиард теңгеге бағаланған жоба инвесторлардың қаржысына жүзеге асырылады. Жағалауда демалып, теңізді жақыннан көруге мүмкіндік беретін ұзындығы 1450 метр соқпақ жолдың жобасына мамыр айында мемлекеттік сараптама қорытындысы беріледі.

Сондай-ақ, 15 шағынауданның 10 үйінен бастап «Самал» шағынауданына дейінгі  жағалауды абаттандыру жұмыстары басталды.  Жобаға сәйкес 7,58632 га аумақты көріктендіру көзделген. Құрылыстың аумағы 1329,0м². Теңіз жағалауын көркейту Ақтау қалалық құрылыс бөлімі тапсырысымен жүргізілмек. Жұмысты міндетіне алған кәсіпкер 4 айдың ішінде бітіруге уәде етті. Жағалауды көріктендіру жұмысы осы жылдың қазан айында аяқталуы тиіс.

Жалпы, теңіз жағасын жақсарту үшін 100 млн теңге қаражат бөліну керек. Қаражат бөлінсе, 7 шағынаудандағы теңіз жағасын да абаттандыру қолға алынбақ. Мұнда жағажайға қажет  жабдықтар мен жұмсақ көпірлер қою жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Берік Ізғалиев мәлім етті.

Берік Ізғалиевтің айтуынша, осы шағынаудандағы жағажайға Түпқараған ауданынан құм әкеліп, төселінеді.

Ал, қала әкімі Ғалымжан Ниязов ұсынған жоба бойынша 14-15 шағынаудандағы теңіз жағалауына биіктігі 11 метрлік 100 дана жасанды пальма отырғызу жоспарланып отыр. Оған 375,4 млн теңге қаражат бөлінеді. Аглай материалы қолданылады.

Соңғы жаңалықтар