Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті толығымен өшірілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті толығымен өшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 24 қыркүйекте сағат 08:40-та қамыс өрті толығымен өшірілді.

«Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті 14 қыркүйекте жергілікті уақытпен 20:40 шамасында басталды. Теңіз жағалауындағы батпаққа байланысты өртті сөндіру мүмкін болмады. Сол себептен, 21 қыркүйекте «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 ВСУ-5 тікұшағымен әуеден су шашуға шешім қабылданды. Қамыс өртіне 21 қыркүйекте күндіз тікұшақтың су шашу құрылғысымен әуеден 33 мәрте су төгілді. Соның нәтижесінде қамыс өртінің бір ошағы, шамамен 400 шаршы метр аумақтағы жалын сөндірілді. Ал, кешке дейін әуеден 66 рет су шашылып, 3 гектардағы өрт жойылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Су тікұшақпен қамыс өртінің ошағынан 1,5-2 шақырым қашықтықта орналасқан көлден алынды.

Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті 24 қыркүйекте сағат 08:40-та толығымен жойылды. Өрттің салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

«Бүгін, 24 қыркүйекте сағат 09:00-де «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 ВСУ-5 тікұшағымен аэровизуалды тексеру жүргізілді. Тікұшақ экипажының құрамында 5 адам бар. Тексеру кезінде теңіз жағалауында қамыстың жану және бықсу ошақтары анықталған жоқ», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Жағалаудағы өртті сөндіруге Атырау облысның төтенше жағдайлар департаментінен 13 қызметкер мен 2 техника тартылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауындағы қамыс өрті әлі толық сөнбегенін жазған едік.



Соңғы жаңалықтар