Каспий теңізінің тартылуы мүмкін бе – Экология министрі жауап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Каспий теңізін сақтау бойынша көңіл көншітпейтін болжамдар жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір тәтті үміт бергім келмейді. Өкінішке орай, Каспий теңізінің экожүйе ретіндегі қазіргі жағдайы өте күрделі. Бірқатар қысым факторлары бар», - деді министр «Астана халықаралық форумының» кулуарында.

Біріншіден, министр Жайық пен Еділді қоса алғанда, өзендер ағысы төмендегенін атап өтті. Өйткені Каспий теңізі жабық су айдыны және өзендерден тұрақты су болмаса, тартылып қалуы мүмкін.

«Әр су айдынын қоректендіріп тұру керек. Қазір Каспийге құятын өзендердің жай-күйін көріп отырмыз және кез келген азаю, өзгеріс, реттеулер тікелей әсер етеді. Екінші мәселе – климаттың өзгеруі. Бұл өзендердің гидрологиялық режимдеріне әсер етеді. Соңғы бірнеше жылда біз судың тартыла түскенін байқаудамыз. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі ең таяз болып саналады, сондықтан біз сыртқы экзогендік фактор ретінде климатты өзгеруі мен реттеу қызметінің салдарын бірінші болып көріп отырмыз. Сондықтан, өкінішке орай, проблема бар», - деп мойындады Экология министрі.

Зүлфия Сүлейменова бұл мәселе Каспий маңы елдеріндегі әріптестері арасында көтеріліп жатқанын айтты. Бірақ мәселе туралы тек қана айту жеткіліксіз, тиімді шаралар да қабылдануы керек.

«Бұл мәселелерді шешпей, барлық Каспий маңы мемлекеттерінің пәрменді шараларынсыз сақтау туралы айту өте қиын болады», - деп қорытындылады ол.


Соңғы жаңалықтар