Каспий теңізінде жоғалған балықшылар әлі табылмады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті Каспий теңізінде балық аулауға шығып, қайта оралмаған екі азаматты іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

Департамент мәліметінше, 30 сәуір күні сағат 1:00-де металл қайықпен Каспий теңізінде балық аулауға шығып, осы уақытқа дейін үйіне оралмаған Қазақстан Республикасының азаматын (1994 ж.т.) және Өзбекстан Республикасының азаматын (1983 ж.т.) іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Іздестіру-құтқару жұмыстарына департаменттен 2 техника, 2 қайық және жеке құрамның 9 қызметкері, «Казавиаспас» АҚ МИ-8 тік ұшағы, ҚР Қорғаныс Министрлігі 29011 әскери бөлімінің «Орал» кемесі және еріктілер жұмылдырылды»

, - деп хабарлайды ведомство.

Бұдан бұрын Каспий теңізінде жоғалған балықшылар тікұшақпен іздестіріліп жатқаны хабарланған.


2 мамырға жасалған болжам бойынша, Маңғыстау облысының оңтүстігінде, орталығында найзағай түсуі мүмкін. Өңірдің батысы мен шығысында екпіні 15-20 м/с жел соғып, шаңды дауыл тұруы ықтимал. Теңізде жоғары толқындық құбылыстар болады.

Осы орайда, облыстық төтенше жағдайлар департаменті «дауылды ескертпелер түскен кезде теңізге жүзу құралдарымен (қайықтың әр түрімен) шығуға және шомылуға тыйым салынатынын» ескертеді.


Соңғы жаңалықтар