Каспий теңізінде итбалықтардың неден қырылғаны әлі анықталған жоқ - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 5 айдың ішінде Каспий теңізі жағалауынан 219 итбалықтың өлексесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйене отырып.

«Биыл сәуір мен мамырда табылған өлі итбалықтардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Барлығының да өлексесі ыдырап кеткен. Маңғыстау облысы экология департаментінің қызметкерлері ауа және судан сынама алды. Зерттеу нәтижесі бойынша концентрацияның артық мөлшері анықталған жоқ. Итбалықтардың қырылуына себеп болатындай зиянды заттар табылмады. Сонымен қатар гидробиология және экология институты өлген итбалықтардың ұзындығы мен салмағын өлшеу, жынысы мен жасын анықтау үшін олардың қабыршақтары мен тырнағы арқылы зерттеу жүргізді», - деп жауап берді министрлік ҚазАқпараттың ресми сауалына.

Экология министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес итбалықтар қырылуының болжамды себебін маусымда жариялау жоспарланып отыр.

Бүгінде зерттеу жұмысы жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, аталған ведомстводан жыл басынан бері 30 мамырға дейін Каспий теңізі жағалауынан 219 итбалықтың өлексесі табылғаны айтылды.

«Бұған дейін табылған итбалықтардың қаңқалары қатты ыдырап кеткені хабарланды. Сол себепті токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық зерттеу жүргізу үшін сынама алу мүмкін болмады. Осы орайда министрлік итбалықтар қыста өлген деген болжам жасап отыр. Табылған итбалықтардың өлексесі Жайық-Каспий облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы және жергілікті атқарушы органдардың күшімен санитарлық талаптарды сақтай отырып жойылады», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, биыл сәуірде Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінен 94 өлі итбалық табылды.

Араға аз уақыт салып итбалықтардың өлексесі тағы табылған еді.

Одан бөлек, таяуда итбалық өліміне қатысты тағы бір факті тіркелді.


Соңғы жаңалықтар