Каспий теңізі Аралдың кебін кие ме

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Каспий теңізі тартылып барады. Экологтар қарт Каспий Аралдың күнін кеше ме деп алаңдап отыр. Мамандардың айтуынша, соңғы 13 жылда теңіздің солтүстік бөлігіндегі су деңгейі 1,5 метрге төмендеп, жағалау 22 мың шаршы метрге қысқарған. Көк айдынның тартылуына не себеп? ҚазАқпарат тілшісі эколог, ғалымдар мен тұрғындардың пікірін білді.

Сергей Кулькин Ақтауда туып-өскен. Ес білгелі қолдан қайық жасайды. Бүгінге дейін ол сүйікті ісінен қол үзген емес.

40 жыл бұрынғы Каспийдің көрінісін қазір сағынышпен еске алады. Оның айтуынша, 1977 жылдан бастап Каспийдің суы тола бастаған.

Сол кездері өзі басқарған яхта орталығының жағалауын су басып қалған. Сондықтан бетоннан айлақ жасауға тура келіпті.

«Бұрын осы жерде Фетис айлағы болған. Қазір ештеңе жоқ, тек темірлерінің қалдығы көрініп тұр. Су толғанда ескіріп, қирап қалған. Айлақтың үстіне арнайы асфальт салып, адамдар келетін еді. Үстінде тіпті той да жасайтын. 2000 жылға дейін су деңгейі көтерілді. Кейін қайтадан түсе бастады. Бұл арнайы маусымдық құбылыс деп ойлаймын. Арасына уақыт салып, суы бірде толып, бірде тартылып отырады», - деп атап өтті яхта орталық басшысы Сергей Кулькин.

Жағалаудағы су деңгейінің түсіп кетуі үлкен кемелерге де кері әсерін тигізген.

Бүгінде олар үшін айлаққа кіру қиын. Тек шөгімі 60 см-ден аспайтын шағын қайықтар ғана айлаққа кіре алады.

Ал эколог Кирилл Осиннің мәліметінше, теңіз деңгейі 2006 жылы төмендей бастаған.

Осы күнге дейін 1,5 метр түсіп кеткен. Бұл Балтық жүйесі бойынша минус 28,23 метрге жетіп қалды.

Мамандар бұл көрсеткіш теңіздің экожүйесі үшін қатерлі саналады дейді.

Бұл жайт Каспий теңізінің әсіресе, қазақстандық секторындағы жағалау белдеуінің өзгеруіне алып келуі мүмкін деген болжам бар.

«Бұған Еділ өзенінен құйылатын судың азаюы және климаттың жылынуы себеп болды. Күннің жылынуынан құрғақшылық жайлап барады. Сондықтан ауаға будың көтерілуі азайды. Айта кетейік, Каспийге 140 өзен құяды, бастысы - Еділ мен Жайық. Қазір өзендердің өзі құрғап қалған. Еділ суы да азайып келеді», - дейді тәуелсіз эколог Кирилл Осин.

Жыл өткен сайын Каспийдің табаны құмға, жиегі қайраңға айналып барады.

Жағалауы суалып, тереңдегі тастары шығып жатыр. Ғалымдар теңіздің тартылу қаупі бар деп отыр.

«Су деңгейінің төмендеуі, жоғарылауы - табиғи процесс. Бұған дейін де солай болған. Мәселен, 1930 жылдары ауытқудың үлкен көлемі байқалды. 1977 жылға дейін 3 метрге төмендеген. Ал 1978 жылдан бастап көтеріле бастады. Осылайша, 1995 жылы теңіздегі су деңгейі +2,5 метрге дейін көтерілген. Бірақ 2005 жылдан бастап қайтадан төмендеу процесі басталды», - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Әлішер Өмірзақ.

Мамандар тез арада нақты шаралар қолға алынбаса, экологиялық ахуал қиындай түспек дегенді алға тартып отыр.



Соңғы жаңалықтар