Каспий құбыр консорциумы ақауынан келген шығын елеулі емес- Болат Ақшолақов

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Каспий құбыр желісі консорциумы бойынша мұнай экспорты жоспарын орындауға болады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Каспий құбыр желісі консорциумы өз жұмысын жандандырды. Апат болған кезде біз басқа баламалы бағыттарды іске қосуды тырысқан едік. Жалпы, екі миллион тоннаға дейін жоғалтамыз деп болжанған еді. Абырой болғанда, Үкімет пен өндіруші компаниялардың бірлескен жұмыстарының арқасында аталған көлем 300-350 мың тонна шамасында болды. Бұл өз кезегінде соншалықты елеулі көлем емес, оны біз жыл соңына дейін игере аламыз»,

- деді Б. Ақшолақов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол Каспий құбыр желісі консорциумында жөндеу жұмыстары ұзаққа созылған жағдайда, жылына екі млн тонна игерілмеуі қаупі болғанын айтты.

«Әрине, біз осының әсерін төмендету мақсатында біздің мұнайды КҚК-дан бөлек, басқа бағыттар бойынша экспорттаудың мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазіргі кезде келген шығын елеулі деңгейде емес. Сондықтан бастапқыдағы жоспарымызды жүзеге асыра аламыз», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Б. Ақшолақов Каспий құбыр желісі консорциумы толық көлемде жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Айта кетейік, биыл сәуір айының соңында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жөндеуден кейін Новороссийск маңындағы теңіз терминалында жылжымалы айлақ (ВПУ-3) жұмысын қайта бастады.



Соңғы жаңалықтар