Каспий банкті ірі сомаға тонап кеткен күдіктіге қатысты сот басталды
2018 жылғы 16 қаңтар 13:58

Каспий банкті ірі сомаға тонап кеткен күдіктіге қатысты сот басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Каспий банкке қарақшылық шабуыл жасап, ірі көлемдегі ақша қаражатын қолды еткен күдіктіге қатысты алғашқы сот процесі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы өз қылмысын толығымен мойындады. Айтуынша, ол Алматыдан Шымкентке келіп, бір жыл көлемінде пәтер жалдаған. Сөйтіп осы уақыт аралығында банкті тонауға жоспар құрған.

Сотта сөйлеген такси жүргізушісі кешкі жетілер шамасында оны айтқан жеріне жеткізіп салғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жолаушының қолында үлкен сөмкесі болған, көлікке отырарда темірдің салдырлаған дауысы шыққан. Ер азамат филармонияның жанынан түсіп қалған.

Естеріңізге салайық, айыпталушы 2017 жылдың 13 қазанында Шымкенттегі Каспий банк бөлімшелерінің бірін тонап кеткен болатын. Қылмыс барысы бақылау камерасына түсіп қалған. Оған сәйкес, қарақшы банк ғимаратының негізгі кіреберіс есігінен еркін кірген. Бетін ақ матамен тұмшалап алған ол, «жарылғыш пакетке» ұқсас затты еденге лақтырып, аталған зат түтіндей бастаған кезде банк қызметкерлерін балтамен қорқытқан. Кейін касса бөліміне еніп, тартпадан буылған ақшаларды ала сөмкесіне сала бастайды. Сөмкесін ақшаға толтырғаннан кейін, негізгі кіреберіс есіктен емін-еркін сыртқа шығып кетеді.

Тексеру барысында күдіктінің банктен 16 миллион теңге, 23 мың АҚШ долларын және 8,5 мың ресей рублін алып кеткені белгілі болды. Артынша полицияның қолына түскен сезіктінің тұрғылықты мекен жайынан ұрланған ақшаның біраз бөлігі, сөмке, қолғап және жасалған қылмысқа оның қатысы барын дәлелдейтін өзге де заттай айғақтар табылды.

Тергеу кезінде күдіктінің 2016 жылдың 2 қыркүйегінде Каспий банктің Алматыдағы бөлімшесін тонамақ болғандығы анықталды.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT