Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін бе – тәуелсіз эколог пікірі

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында балық өндірісінің кластері мен теңіз портының құрылысын қамтитын «Інжу-Маржан» инфрақұрылымдық-рекреациялық кешенін құру жоспарланып отыр. «EcoJer» қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов осы жобаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде таныстырылған. Құны – 239 миллиард теңге. Қаржының 20 пайызы шетелдік инвесторлардан тартылады.

Жобаның бірінші кезеңінде «Інжу-Маржан» сорына су жіберіп, содан кейін арналар қазып, Ащысор аймағында шығанақ құру ұсынылады. Бұл аумақта келер жылдан бастап балық шаруашылығын дамыту және туристік нысандар салу жоспарланып отыр.

Екінші кезең 2024 жылы басталмақ. Ол кезеңде аймақта мұнай құю айлақтары бар терең теңіз портының құрылысы жүргізіледі деген жоспар бар.

Ал, үшінші кезең аясында Қарақия ойпатының белгілі бір бөлігін теңіз суымен толтыру көзделген. Су толтырылған дала мен ойпатта шипажайлар, қонақ үйлер, аквапарктер, су асты мейрамханалары бар жасанды аралдар, яхта клубы, сүңгуірлер мектебі, сарқырамалар мен бақылау алаңдары, геотермалдық ауруханалар мен ойын алаңдарын қамтитын курорт құру жоспарланған.

Егер бұл жоба Каспий деңгейінің көтерілуі кезінде ұсынылса, түсінуге болар еді. Бірақ қазір керісінше, теңіз деңгейінің төмендеуі тіркеліп отыр. Жайық пен Еділден Каспийге құйылатын судың өзі бөгелуде. Осы орайда, Аралды еске түсірген жөн, өйткені шенеуніктердің кінәсінен Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін, -

дейді Әділбек Қозыбақов.

Сондай-ақ, Каспийде жоспарланған барлық ауқымды жұмыстар трансшекаралық аспектіде қаралуы тиіс, өйткені бұл жағалауда орналасқан елдердің теңіз деңгейіне әсер етуі мүмкін. Тәуелсіз эколог жасанды теңіз Маңғыстаудың климатына да кері әсерін тигізетінін айтты.

Ақтау ауасының ылғалдылығы жазда да, қыста да жоғары. Егер жасанды теңіз пайда болса, булану мен ылғалдылық деңгейі одан да артады. Мұның салдарын логикалық тұрғыдан түсіну үшін ғалым немесе зерттеуші болудың қажеті жоқ, -

деп атап өтті спикер.

Әділбек Қозыбақов болашақ су тоғанын жасау үшін оның айналасындағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне толыққанды ғылыми зерттеулер, экспедициялық жұмыстар қажет екенін айтады. Өйткені, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар болуы мүмкін. Сондай-ақ, зерттеу де бірнеше жылға созылуы ықтимал екенін жеткізді.

Үйлестіру кеңесінде талқыламас бұрын бұл жобаны жұртшылықпен талқылау қажет еді, бірақ ол орындалмады. Сонымен қатар, қоғамдық тыңдаулар зерттеуден кейін де қажет. Олар алдын ала жасалуы керек, ал жобаны 2023 жылы жүзеге асыру көзделген. Сондай-ақ, заң бойынша қоғамдық тыңдаусыз мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын алу мүмкін емес, -

деді ол.

Айта кетсек, Үйлестіру кеңесінің хаттамасы бойынша барлық мүдделі мемлекеттік органдарға «Маңғыстаудың инфрақұрылымдық-рекреациялық кешені (Інжу-Маржан)» жобасын қосымша мұқият пысықтау тапсырылған. ҚР-ның экология, су, жер, табиғи ресурстар, мәдениет және басқа да салаларындағы заңнамалары қатаң сақталуын ескере отырып, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізу мүмкіндігін қарастыру айтылды. Үкіметке, орталық мемлекеттік органдарға бірқатар нақты ұсыныстар енгізе отырып, аталған жобаны іске асыруды одан әрі пысықтау міндеті де жүктелген.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы жұртшылығымен кездесуінде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуын анықтау үшін Каспий теңізінің айдыны мен жағалауында зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізген жөн екенін айтқан еді.

Оқи отырыңыз, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Трансшекаралық өзендер департаментінің директоры Арсен Жақанбаев Каспий теңізі мен Балқаш көлінің тартылу себебін түсіндірді.
Соңғы жаңалықтар