Каспидің таяз тартуы табиғи апат па, әлде табиғи цикл ме

None
БАКУ. ҚазАқпарат – Кейінгі жылдары Каспий суы жағадан алшақтап барады. Бұл жайт алып көлді жағалай орналасқан елдерді алаңдатып отыр. ҚазАқпараттың бүгінгі сараптамасы осы мәселеге арналады.

1977 жылғы жағдай қайталана ма?

Каспиді былайғы жұрт теңіз деп атағанымен, географиялық сипаты жағынан әлемдегі ең үлкен ағынсыз көл болып есептеледі.

Фото: Fotolia/ekipaj


Еуропа мен Азия құрлықтарының түйісінде жатқан алып көл 5 мемлекеттің арасын жалғайды. Бес бірдей мемлекеттің байлығы саналатын осы көл кейінгі жылдары таяз тартып барады. Оны ешбір құрал салмай-ақ, көзбен көруге болады. Әзербайжан мен Иран жағында көл жағасы 10 метр кері кеткен. Қазақстан аумағындағы солтүстік бөлігінде судың тартылуы бұдан да орасан. Мұнда жаға тіпті 200 метр кері кеткені айтылып жүр. Кей тұсында 20 шақырымға дейін шегінген көрінеді. Бірақ әзірге жағдай 45 жыл бұрынғы жағдайға дейін ушыға қойған жоқ. 1977 жылы Каспидің тереңдігі 3 метрге дейін түскен. Жалпы Каспидің таяздануы жиырмасыншы ғасырдың 60 жылдарынан басталған. Брежнев заманында Сібірдегі өзендерді Каспиге бұру туралы идеялар көтерілген. Ол кезде Каспий суының азаюын Түрікменстан жағындағы Қарабұғазкөл бұғазының тартылуынан көрген. 1995 жылы Каспий мен бұғаздың арасына бөгет салынады. Бірақ кейін Каспий суының қайта көтерілгенін алға тартып, бөгет ашылды. Олай етпесе, жағадағы инфрақұрылымға арнасынан асқан су қауіп төндіретіні айтылған болатын.


Көлдің қазіргі күйін көрген жергілікті халық 1977 жылғы қорқынышты жағдайды жиі есіне алатын болған.

Ғалымдар не дейді ?

Naturalis биоалуандық орталығының ғалымдары Каспидің келешегіне кейістікпен қарап отыр. Олардың пайымынша, мұхит суы көбейген сайын, Каспий суы тартыла бермек. Өйткені мұхит суы ауа температурасының көтерілуі салдарынан, мұздықтар есебінен көбейіп жатыр. Ал Каспий климат құрғақтанған сайын азая бермек. Көміртегі газы да Каспиге кері әсер етуде. Осылай жалғаса берсе, 2100 жылға қарай көлдің суы қазіргі деңгейінен 34% азаюы мүмкін. Сөйтіп деңгейі 9-19 метр аралығына кемиді.

Әзербайжандағы Ұлттық ғылыми академия география институтының бөлім меңгерушісі, география ғылымдарының докторы Әмір Әлиев болса, Каспидің келешегіне алаңдауға себеп жоқ деп сенеді.


Экологиялық болжау орталығының басшысы Тельман Зейналов Каспий деңгейінің климаттық өзгерістерге ешқандай қатысы жоқ екенін, оның табиғи және циклдік сипаты бар екенін айтып жүр

«Каспий деңгейінің көтерілуі немесе түсуі тек циклдік сипатта болатыны дәлелденген. Климаттағы өзгерістерге байланысты температура артса, Каспий деңгейіне әсер етеді. Бірақ бұл теңіздің сарқылып қалуына әкелмейді», – дейді ғалым.

Көл суы неге құбылып тұр?

Ғалымдар Каспидің деңгейін бақылаумен көптен бері айналысып келеді. Оны аспаппен бақылау алғаш рет 1837 жылы Бакуде басталды. Қазір мұндай өлшеулер теңіздің бірнеше нүктелерінде жүргізіледі. Ескі географиялық деректер Каспийдің деңгейі кезең сайын ауытқып отыратынын анықтаған. Шамамен 250 жыл сайын Каспий деңгейі төмендеп, одан кейінгі 250 жылда қайта көтерілетін көрінеді. Аспап айтқан мәліметтер бойынша, Каспийдің ең мол су 1862 жылы тіркелген. Әмір Әлиевтің айтуынша, содан бері Каспий деңгейі көтерілмеген. Бұл теорияға сенсек, Каспий әлі 1-1,5 метр төмен түсуі керек. Содан кейін ғана қайтадан көтерілмек.

Фото:instagram.com/issagram


Қазір Каспий деңгейі Балтық теңізінің деңгейімен есептегенде 28 метр болып тұр. 1977 жылы деңгей қазіргіден бір метр төмен болған. Ал 1978 жылдан 1995 жылға дейін су деңгейі 2,5 метр көтерілген. Бұл негізінен климат факторларына байланысты болса керек. 1995 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін су деңгейі шамамен 1,5 метр төмендеген.

«Каспиге құятын Кура мен Араз өзендері де таяздап барады. Олар Әзербайжанда тұщы судың негізгі көзі болып есептеледі. Яғни қазір Әзербайжан аталмыш екі өзеннің бойына түрлі тоспалар салып, бұрынғыдан көп тұтынатын болған», - дейді Әзербайжанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ұлттық гидрометеорология қызметі бастығының орынбасары Рафик Вердиев.

Бірақ Каспидің күйіне бұлардан да қатты әсер ететін ұлы өзен бар. Ол – Еділ. Көл суының кемуін бірінші кезекте осы Еділден іздеу керек. 2021 жылдың күзінде Куйбышев су қоймасында су деңгейі өте төмен болды (оның базасында Жигулев ГЭС-і жұмыс істеп тұр – ред.). Мұндағы су деңгейі қалыпты жағдайда 52-53 метрден түспеуі керек. 2021 жылдың аяғында көрсеткіш Балтық жүйесімен есептегенде 49,92 метр болған. Биыл аталмыш су қоймасында бұрын-соңды болмаған таяздық тіркеліп, рекорд орнап отыр.

Ресейдің Су ресурстары агенттігі Еділ бассейніндегі судың азаюын табиғи жайтқа сілтеп отыр. Табиғи ылғалсыздық Ресей бөлігіндегі қоймалардың суын да азайтқан-мыс. Яғни, жауын-шашын аз болып, салдарынан Еділдің арнасы тарылса керек.

Ал Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі табиғи себепті де жоққа шығармайды, адам факторы бар екенін де мойындайды.

Дәл осындай жағдай Әзербайжанда да байқалып отыр. Кейінгі жылдары жаһандық жылыну Әзербайжанның төрт ірі өзенін суалта бастаған көрінеді.

Каспий суы тартыла берсе, салдары қалай болады?

Көл суы осылай тартыла берсе, солтүстік бөлігінде аралдар пайда болуы мүмкін. Бұл Ресей мен Қазақстанға тиесілі аумақ деген сөз. Мұнда қазірдің өзінде судың ең таяз тұсы екі метр, ең терең тұсы бес метр болып тұр. Бүгіннің өзінде Каспидің Әзербайжан секторында 22 арал бар. Солардың бірі – қолдан жасалған Мұнай тастары аралы. Иранда – 1, Қазақстанда -17, Ресейде – 28, Түрікменстанда-1 арал бар.

Каспидің Қазақстанға тиесілі бөлігінде тартылу қарқынды жүріп жатқанын ескерсек, одан келетін экологиялық зардап та салмақты деген сөз. Таяздық ең әуелі флора мен фаунаға үлкен зиян келтіреді. Топырақ шөлейттеніп, итбалықтардың, бекіре тұқымдас балықтардың және қызыл балықтардың саны күрт төмендей бастады.

Фото: gov.kz


Экологтардың пікірінше, Каспидің тартылуына экологиялық нормаларды елемейтін мемлекет пен сол мемлекет адамдары да «үлес» қосып жатыр. Белсенділер NCOC компаниясының көл түбін тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатқанына алаңдап, дабыл қағып жүр. Көл таяз тартқан сайын порттар жарамсыз болып, аталмыш компания ауыр кемелерді мұнай қондырғыларына жақындату үшін судың табанын тереңдетіп қаза бастаған. Экологтардың пайымынша, мұның салдарынан балық жойылып, климат өзгереді, халықтың денсаулығы нашарлайды. Бекіре тұқымдас балықтардың 90%-ы Каспидің солтүстік-шығыс бөлігін мекен етеді. Эколог Галина Чернова Каспиге адамның қол сұғуы азаймаса, бекіре тұқымдас балықтардың аналық табыны жойылып кетуі мүмкін екенін айтады.

Бұл дабылға халықтың да назары ауды деуге болады. 15 мың адам көл табанын тереңдету жұмыстарына қарсылық білдіріп, петицияға қол қойды. Бірақ Қазақстанның Экология министрлігі экологтардың пайымымен келіспейді.

Каспидің мәселесі бойындағы бес елге ортақ болғандықтан көлдің таяз тарту себептерін, оның салдарын зерттейтін, залалды азайтудың ықтимал шараларын қабылдайтын мемлекетаралық мониторинг орталығын құру қажет. Бұл бастаманы Қазақстан БҰҰ аясында көтере алады.

Фото: azattyq-ruhy.kz


Әзербайжан ғалымдары да көлге тұрақты бақылау орнату үшін халықаралық ғылыми орталық құру дұрыс деп есептейді.

Олардың мәліметі бойынша, қазір Каспий туралы айтылып жүрген деректердің бәрі 30-40 жыл бұрынғы зерттеулерге негізделген және жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, сол деректерді өзектендіретін мезгіл жеткен.

Әр елдің өз мүддесі мен пайымы бар

Бүгінде Каспидің бойындағы елдер көлдің тартылуына қарсы шаралар жоспарын әзірлеп жатыр. Соның аясында мемлекетішілік және мемлекетаралық деңгейде түрлі талқылаулар жүргізуде.

Мәселен, 2022 жылғы 29 маусымда Ашхабадта өткен Каспий маңы елдерінің саммитінде экологиялық апаттың себептерін анықтау және Каспидің одан әрі тартылуын тежеу бағытында арнайы сараптамалық топтар құру туралы шешім қабылданды.

Былтыр қазан айында Бакуде Каспий көлінің қоршаған ортасын қорғауға арналған конференция өтті. Жиында қабылданған құжат Каспий маңы елдерінің экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуіне құқықтық негіз қалап берді деуге болады.


2022 жылдың 5 шілдесінде тағы да Бакуде Каспий тақырыбына арналған халықаралық конференция өтті. Оған қатысқан ғалымдар мен сарапшылар Каспий деңгейінің қазіргі жағдайы мен ықтимал ауытқуларды талқылап, ұлттық және өңірлік деңгейдегі бейімделу шараларын айқындау мәселелерін қарады.

Қазақстан мен Ресей Каспиге құятын Жайықтың бассейнін бірлесіп қорғайтындарын талайдан бері айтып жүр. Тіпті сол үшін 2021-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына екі тараптың министрлері қол қойған болатын.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Каспий теңізін зерттейтін мемлекеттік ғылыми институт құру туралы бастама көтерді.

«Бұл мәселе бойынша Үкімет Каспиді қоршап жатқан өзге мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста болуы керек», - деді Президент Маңғыстау облысының халқымен кездесуінде.

Мемлекет басшысы Каспий итбалықтарын сақтау мәселесін де жеке бақылауына алған. Президент ол мәселені Маңғыстау өңірінде табиғи қорықтар құру арқылы шешу керек деп есептейді.

Фото: diapazon.kz


Жоғарыда айтылған ұсыныстар мен қолға алынған шаралар соңына дейін жеткізілмесе, Каспий де Арал трагедиясын қайталауы мүмкін. Олай болмау үшін бойындағы 5 мемлекетке ғылыми базаларын бір арнаға шоғырландырып, проблеманы толыққанды зерделеп, халық арасында экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу керек.

Фото: f.vividscreen.info
Соңғы жаңалықтар