Kaspi Pay арқылы жалған төлем түбіртегін жіберіп ақша ұрлаған алаяқ ұсталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тұрғындарға төлем түбіртегін жіберіп, сан соқтырған 19 жастағы алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2003 жылғы тұрғын облыс аумағында бір айдан астам уақыт бойы ғаламтор арқылы алаяқтық жасаған.

Оны жедел іздестіру іс-шаралары барысында Абай полиция бөлімінің қызметкерлері қолға түсірді.

«Күдікті Kaspi Pay мобильді қосымшасын пайдаланып, әрекет жасаған. Бұл – алаяқтықтың жаңа түрлерінің бірі. Мұнда алаяқ коммуналдық қызмет өкілі ретінде Kaspi мобильді қосымшасының төлемдер бөлімінде ескертулер мен төлем шоттарын жібереді. Жәбірленушілер төлеу батырмасын басқан кезде ақша алаяқтардың шотына түседі. Осылайша, аталған алаяқ тұрғындардың 300 мың теңгесін қымқырып үлгерген. Қазіргі кезде оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталу үстінде. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті тұрғындарға төлемдер мен аударымдар бойынша қандай да болмасын операция жасау кезінде деректемелерге мұқият назар аударып, қайта тексеру қажеттігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар