Қасқыр соққан сексендегі қария - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

Суицид, оған не себеп? - «Шымкент келбеті» газеті

null 

«Шымкент келбеті» газетінің жазуынша, соңғы кездері өңірде өз-өзіне қол жұмсау дерегі азаймапты. 2017 жылы 7 суицидтік жағдай тіркелсе, биылғы жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында шымкенттік 8 оқушы жантүршігерлік қадамға барып, төртеуі өмірмен қоштасқан екен. Ал  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. Осыған байланысты журналист «жасөспірімдердің өлімге асығуына не себеп?» деген мәселеге үңіліп көрген екен. Тілші мақалада осы тақырыпты зерттеген маман пікірін де келтіреді. «Тәуелсіздік алып, нарықтық экономика өтіп, жұмыссыздық, жоқшылық басталған жылдарда халықтың жүйкесі сыр бере бастады. Әйелдерге қарағанда ерлер арасында өзіне-өзі қол жұмсағандар саны 4 есеге артты. Сол кезде 800 мың халқы бар Шымкент қаласында 690 адам асылу арқылы өз өмірін қиған. Бұл - сот сараптама құжаттарының тіркелуі бойынша анықталған статистика ғана. Сол уақытта зерттеу нәтижесінде өзіне қол жұмсаудың 41% белгісіз, 18% жан ауруынан, 18% тұрмыстық қайғылардан, 6% құмарлықтан орын алса, қалған аз пайызын ақша жоғалту, өмірге тойыну секілді жағдайлар құрағаны анықталды, - дейді доцент Сәдібек Пазылбеков».

Жазуынша,  қазіргі таңда жасөспірімдердің 70%-ның жүйке жүйесінде өзгерістер бар екен. Бұған белгілі бір дәрежеде әлеуметтік желі де әсер етеді екен. Сонымен қатар, маманның айтуынша, өлімге асығатындар көбінесе жүйке ауруына шалдыққандар, олар депрессияға ұшырағандықтан, өмірге үмітсіздікпен қарайды екен. Сондықтан, баланың бойында аурудың белгілері байқалғанда психологтың көмегіне жүгіну қажет.

Айта кетерлігі, суицидке қарсы жаңа бағдарлама іске қосылған. «Мамандар суицидке баратын балалардың 4 ай бойы дайындалатын айтып отыр. Бірінші айда бала күйзелісте жүрсе, кейін содан шығатын жол іздейтін көрінеді. Тығырықтан шыға алмағанда суициалды жоспар жасайды екен. Ата-аналарға баланың бойындағы қауіпті, осынау белгілердің бар-жоғын байқап жүріңіздер дейді мамандар. Себебі, бұл кеселмен қоғам болып күрескенімен, балаңызға ең алдымен көмек беретін өзіңіз ғана».

Қасқыр соққан қария  - «Жетісу» газеті

null 

Алматы облыстық газетінде Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында тұратын сексен жастағы Қонысбай ақсақалдың жақында қасқыр соғып алғаны туралы жазылыпты. «Ұстаған түлкіде есеп жоқ. Ал жалпы 4 қасқыр ұстадым. Екеуін бүркітім алды. Екеуін жүйрік атыммен қуалап жүріп соғып алдым. Күн ашық. Ауа райы қолайлы мінез танытып тұрған. Әрдайым жараулы күйінде тұратын Қаракер жорғаммен қыстаудағы үйге бет алғам. Мына бір орайы келген сәтті қараңыз, ауылдасым Қуатбек Өскенбаевтың құнанын жайратып, қарындарын тоқтап алған үш қасқырға кезіктім. Екі қасқыр Қарасаз өңіріне қарай қашты. Біреуі тауға қарай Баяусайға қарай тартты. Тауға тартқанын бәйгеторыммен қуалап соңына түстім. Бастырмалата қуып жетіп, Кеген өзенінің бойына қарай қайта қайырдым. Сөйтіп, сойылыммен соғып алдым. Ең бастысы, қасқырдың тоқтығы қолайлы әсер етті. Мен қуған сайын ол кесек-кесек етті құсып отырды. Бастан 3-4 рет ұрып құлаттым. Қасқырдың төбеті екен. «Абыройлы жігітке ажалды аң кезігеді», «Ер жолдысынан ат жолдысы» деген. Сөйтіп, олжалы болдым, қарағым, - деп әңгімелеген екен Қонысбай ақсақал. Мақалада ақсақалдың аңшылығынан бөлек, баташылдығы, өңірге белгілі атбегілігі, құсбегілігі туралы айтылады.

«Шырылдаудың» да түр-түрі бар - «AQ JOL» газеті

Газеттегі мақала «кезекші редактор бағаны» айдарымен шыққан екен. Мақалаға тілші жиенінің әңгімесіндегі қызық жайт арқау болған. Қысқасы мақала газет тақырыбын «айқайлатып» қоюға келіп тіреледі. «Шындықты айтып шырылдаған қарияның үні»       атты газет мақаласында көтерілген мәселе - ақсақалдың зейнетақысын ала алмай жүрген проблемасы боп шығады. Осыған да «шырылдау» деп дардай тақырып қойғанына налығанын байқатады. Айналып келгенде аталы сөз айтар ақсақалдың пендешілігі, оған соны дардай тақырыппен мәселе етіп көтерген журналистің жайы сөз болады. Осы бір әңгімеден тілші үлкен мәселеге ойысады.

«Шын мәнісінде, біздің қоғамда қариялар сөз сұрап, «шырылдайтын» мәселе көп қой. Алаңдататыны сол - ұрпақ тәрбиесі босаңсып барады. Мейлі, біздің өңір ондайдан ада шығар, бірақ күні ертең оқуға кеткен қызы Алматыдағы «гейшалар» мектебіне жазылмасына кім кепіл?! Аңдамай басып, опық жеп жатқан бойжеткендер қаншама?! Бұрын «Айналайын баладан, тауып алған даладан» деп әлдилеп, нәрестесін ұйықтатушы еді, енді қоқыстан табылған балалар көбейді. Бұл құрсағын жарып шыққан сәбиін балалар үйіне өткізетіндердің әрекетінен де асып түсті» деп жазады газет.

Сөзін түйіндеген автор: « Күйкі тіршіліктің күйбеңі көп. Ойлану аз. «Шырылдаудың» да түр-түрі болады екен. Қай-қайсының да өз орны бар. Дегенмен басбұзар бұзақыны орталарына алып, тентегін тезге салатын ақсақалдардың аздығы - уайым. «Итің ұры» дегенге намыстанып, «Әй, балам, мына ісің сүйегімізге таңба болды» дейтін де жан қалмай барады. Әркім өз қотырын өзі қасыған заман. Ал сонда қоғам қайда қалды?» деп сауал тастайды.

Гагаринмен сұхбаттасқан қазақ  - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null 

 «Оңтүстік Қазақстан» газетінің кейіпкері Қален Тоқмұхамедов - Байқоңыр ғарыш айлағының тұңғыш қадасын қағушылардың бірі болған екен. Мақалада сұрапыл соғыс жылдары еріктілер қатарында майданға өзі сұранып барған Қален ақсақалдың өмірі, соғыстан кейінгі жағдайы туралы айтылады. Ол 1951 жылы Ленинград қаласындағы М.И.Калинин атындағы жоғары әскери-педагогикалық институтқа оқуға түсіп, оны бітір соң Қызылорда облысы Төретам стансасына саяси бөлім лекторы болып орналасқан екен. Осы жылдан бастап «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргетасын қалап, аянбай тер төгіп, сайын даланың кеудесінде жаны барды қаталатқан шөлін, азынаған желін, бұрқасын боранын, дүлей дауылын көреді. «Академик Королев», «Академик Келдыш», «КСРО-ның ұшқыш-космонавты Ю.Гагарин», «Байқоңырдың ардагері», «Байқоңыр ғарыш айлағының негізін қалаушы», «Байқоңырдың құрметті негізін қалаушы» сияқты көптеген марапаттардың иегері атанады. Қален атанның «Майдандағы 1001 тәулік» атты орыс тілінде естелік кітабы шығыпты. Кітапта атақты ғарышкер Юрий Гагаринмен жүздескені туралы айтылған екен.

«1967 жылдың қазан айында космодром құрылысшыларына Қазан революциясының 50 жылдығы мерекесіне орай КСРО Жоғарғы Кеңесі, КСРО Министрлер Кеңесі мен КОКП Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы табыс етілетін болып, сол салтанатты жиынға Юрий Гагарин келеді. Кездесу кезінде ұжым жетекшісі Илья Гуров Гагаринге Қаленді таныстырып, екеуі емен-жарқын әңгімелеседі».

 Қален Тоқмұхамедов Байқоңырдағы қызмет еткен 17 жыл ішінде 44 космонавт ұшқан екен, оның ішінде 3-еуі үш мәрте, 15-і екі мәрте ұшыпты.

Карл Маркстің орнына Қазыбек би келді - «Дидар» газеті

null 

Шығыс Қазақстан облыстық газетінің жазуынша, облыстық қоғамдық кеңестің мәжілісінде бірқатар атаусыз көшелерге жаңадан ат беру, бір даңғылды қайта атау мәселесі қаралған екен. Бұған қоса облыстың Бородулиха, Ұлан аудандарындағы елді мекендерге бұрынғы тарихи атаулары қайтарылатын болыпты. Атап айтқанда, Өскемен қаласының 19 тұрғын ауданындағы Карл Маркс даңғылы Қазыбек би даңғылы болып қайта аталды.

null 

«Өскемен қаласының әкімдігіне даңғылға Қазыбек бидің есімін беру туралы ұсыныс облыстық соттың төрағасынан, қалалық ардагерлер және ақсақалдар кеңестерінен түскен болатын. Даңғыл 14 және 19 тұрғын аудандар арасында орналасқан, ұзындығы үш шақырым, ені 100 метр. Оның бойында орналасқан 41 көпқабатты тұрғын үйде бес мыңға жуық халық тұрады. Сауда орындары, әлеуметтік мекемелер орналасқан, қоғамдық көліктер жиі қатынайды. Аталған аумақта тұратын тұрғындар да бұл ұсынысқа үлкен қолдау білдірді. Қалалық мәслихат депутаттары тарапынан да бірауыздан қолдау тапты. Бұл Орта жүзден шыққан әйгілі би, шешен, қоғам қайраткері, елші, Тәуке ханның кеңесшісі болған Қазыбек бидің 350 жылдығына тамаша тарту болып отыр, - деді Роза Төлемісова».

  

Жәңгір хан Бөкейханұлының құлпытасында не жазылған  - «Орал өңірі»  газет

null

«Орал өңірі» газетінің «Құлпытастар құпиясы» атты айдарымен бұл жолы Жәңгір ханның құлпытасындағы жазулар берілген екен. 

Құлпытастағы жазу Қасиетті Құран Кәрімнің Рахман сүресінің 26-27 аяттарынан басталады.

1.    Күллү мән аләйhәә фәән уә иәбіқоо уәжіhү.

2.    Раббикә зүлжәләәли уәл икраам. Дешті

3.    қыпшақ ханы хан Әбулхаир ұғлы

4.    Нұралы ханның нибересі хан

5.    Жиhангир Бөкей ханның нұрдиде.

6.    фрзендесі дар фанаден дар бақоие

7.    рихләт илады. Қаалууу иннәә лилләәhи уә иннәә

8.    иләйhи раажиғууун. 42 йәшнде

8.1260-шы мухаммадиеде, 1845-ші масихиаде

9.    нәжм сүмбіленің 11-інші иумнде рухына фатиха.

Мағынасы:

1.«Күллі жаратылыс уақытша, қалатын Алла Тағала ғана. Раббымыз ұлы әрі жомарт. (уәжһу - тура мағынада бет, жүз болып аударылғанымен, Алла Тағалаға ағза таңуға болмайтындықтан, зәһири (сыртқы) емес мәжәзи (астарлы) мағынамен «Алланың өзі ғана қалады» деп аударылады).

2.    Дешті қыпшақ ханы Әбілхайыр ханның ұлы

3.    Нұралы ханның немересі

4.    Бөкейханның перзенті Жәңгір хан

5.    уақытша өмірден мәңгі өмірге көшеді. 6. Құраннан бақара сүресінің 156-аяты. «Мұсылмандар айтады, Біз Алла үшін жаратылдық және Аллаға кері қайтарыламыз»

6.    «42 жасында Мұхаммед күнтізбесімен

7.    1260 жылы Иса масих күнтізбесімен 1845 жылы»

8.    сүмбіле айының 11-нші күнінде. Рухына «Фатиха» (оқылсын)

Ең астында төре руының таңбасы ретінде арқардың мүйізін салған.

Хан құлпытасының екі қырына: Минан-нирани хафрил-мәут кә-с кулли нәәс шәрибәһу, әл қабр бәәб кулли нәәс дахаләһу. Кәфә бил-мәут уағизан әл-хукму лилләһ. Аллаһуммәғфир ләһу уәрхамһу уә кәффир ғанһу сәйиәтиһи уәмһу хатийәтиһи уәжғал қабраһу раудатән мин риадил жәннәт.

Мағынасы: От - өлген адамға қазған шұңқырдан-ақ шығады. Өлім - кесе, күллі адам одан ішеді, қабір - есік, күллі адам одан кіреді. Бәрі де Алланың үкіміне мұқтаж. Аллаһым оны жарылқа, оны рахметіңе бөле, күнәларын кешір, қателіктерін кеш, қабірін жұмақтың бақшасынан қыла гөр.

Ханның құлпытасының артқы беті:

Иікірме ил суруп ханлық жаһанда,

Өтіпті өмірі оның бұл хәмәндә,

Калан әуледлеріне хақ тағала:

Бұ дүниеде һеш бір адам қалмаз ерміш,

Гаран хан, гаран сұлтан, дәруиш.

Жәңгір хан (1801-1845) - Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілхайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы».

  

Атыраулық қасқыр орнына адам атып алған- «Атырау» газеті

null 

Жазуынша, оқиға реті былай өрбіген: ол өзінің қасына жолдасын ертіп, 12-ші калибрлы МР-155 маркалы тегіс ұңғылы қаруымен аң аулауға шыққан. Сөйтіп, Махамбет ауданы бағытына қарай қаладан 20 шақырым жердегі тоғайлы аумаққа барған.

«Жоспарланған жерге келіп, ағаштың саясына орналасқан азамат алыстан қасқырға ұқсайтын екі бейнені көреді. Алайда, олардың қасқыр екеніне анық көз жеткізбей, қаруымен атып жіберген. Осы сәтте ер адамның айғайлаған даусын естіп, өзінің қателескенін сезіпті-міс. Аң деп атқаны, адам болып шығыпты. Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген».

Сот үкімімен айыпталушыға 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы бекітіліп, пробациялық бақылау белгіленді.

Соңғы жаңалықтар