Қаскелең ауруханасының қызметкерлері Біртановқа шағымданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маған аурухана қызметкерлерінен шағым келіп түсті, жөндеу жұмыстары үшін ақша жинап жатыр екен. Мұны білдіңіз бе?», - деді министр Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқаққа ведомствоның алқа отырысында.

Сонымен бірге, министр маусым айының басында анықталған бұзушылықтарды 31 шілдеге дейін реттеуді еске салды.

«Келесі аптада барлық бұзушылықтардың реттелгені туралы дәлелдемелер көрсетесіздер. 1 тамыз күні біздің комиссия нысанға барады. Мұндай қысқа уақытта жөндеу жұмыстарын жасап үлгермеген шығарсыздар. Бірақ тағы да ескертемін, қажет болса аурухананың қызметін тоқтатуға дейін барамыз. Бұл кемшіліктерді жөндеуге өткен жылдың қарашасынан бері уақытыңыз болды», - деді ведомство басшысы.

Өз жауабында басқарма басшысы аурухананың жөндеу жұмыстарына 21 млн теңге бөлінгенін және кемшіліктердің реттелгенін хабарлады. Ақша жинау туралы шағым бойынша, Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне қатаң ескерту жарияланған.

Айта кету керек, Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасының мүшкіл жағдайы туралы пациенттер әлеуметтік желіде жазған болатын. Министр Біртанов Алматыға барған сапарында аурухананың жағдайын нашар деп бағалап, оны Қаскелең орталық ауруханасына қосуды ұсынды.

Кейінірек, Алматы облысы əкімінің орынбасары Жақсылық Омар Қаскелеңнің инфекциялық ауруханасы жабылмайтынын хабарлады.

Өз кезегінде Біртанов аталмыш медициналық мекемеден табылған кемшіліктер жойылмаса, сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

 

Соңғы жаңалықтар