Қасіретті кезеңінің әлі ашылмаған ақтаңдақ беттері көп- Жабал Ерғалиев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Қазақ халқының қасіретті кезеңінің әлі де ақтаңдақ беттері көп. Әлі күнге дейін қазақ байлары мен ауқаттыларын кәмпескелеу тарихы толық зерттелген жоқ. Мұндай пікірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамзат тарихында бірде-бір мемлекет өз халқына дәл Кеңес Одағындай террор жасамаған болар. Мемлекет басшысы өз үндеуінде «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең» екендігін айта отырып, біздің еліміз бойынша ғана 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылғандығын және де Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгенін, зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылғандығын атап көрсетіпті. Сол қиын да қасіретті кезеңде біздің халқымыз кез-келген ұлттың баласын бауырына басты. Өздері жарымай отырса да, олармен құрт-майымен, бауырсағымен бөлісті, төріне отырғызып, төсегіне жатқызды», - дейді Ж.Ерғалиев.

Оның айтуынша, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық уақытында қазақтардың сол мәрттігі, сол адалдықтары мен сол кеңпейілділіктері, сол дархандықтары, сол бауырмалдылықтары Адамзат тарихының алтын беттеріне алтын әріптермен жазуға әбден лайық.

«Елордада өткен бір жиында «Егер де әлем бойынша адал да төзімді бір халыққа Нобель сыйлығы берілетін болса, оған тек менің қазақ деген халқым ғана лайықты» деп айтқан да болатынмын! Шүкір, тәуба дейміз! «Кең болсаң кем болмайсың» деген ата-баба көңіл-ниетімен өмір сүре жүріп, Тәуелсіз ел болдық! Тағы да сол кеңдігімізге бағып, Қазақстанды мекендеп отырған барлық диаспораларға да бар жағдай жасап отырмыз. Елдің бірлігін, ынтымағын ойлап, соны бәрінен де биік қоямыз. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық!», деп атап өтті ол.

Оның айтуынша қазақ халқының қасіретті кезеңінің әлі де ақтаңдақтар беттері көп.

«Әлі күнге шейін кәмпеске, яғни, қазақ байлары мен ауқаттыларын кәмпескелеу тарихы толық зерттелген жоқ. Аштық осы кәмпескелеуден басталғаны да анық. Сталиндік жүйе кезінде қолдан жасалған аштыққа Украина мен Қырғыз елі геноцид деген саяси баға берді. Біз мұны айта алмай отырмыз», - деп жалғастырды Ж.Ерғалиев.

Осы ретте, ол Президенттің тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру бастамасын құптайтынын жеткізді.



Соңғы жаңалықтар