Кәсіптік және техникалық білім беру саласына жетілдірілген нормативті-құқықтық база қажет - Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі Вера Цзинь

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кәсіптік және техникалық білім беру саласы жетілдірілген нормативті-құқықтық базаға мұқтаж. Бұл туралы бүгін Алматыда қалалық Кәсіпкерлер палатасы ғимаратында өткен отырыста қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіптік техникалық білім беру саласын сараптау бөлімінің басшысы Вера Цзинь мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда кәсіптік білім беру нысандары да жеке кәсіпкерлікке жатады. Өйткені, Алматыда жұмыс істеп отырған 98 колледждің 65-і жекеменшік оқу орындары. Сондықтан, жарияланған мораторий шеңберінде біз негізінен 2 мәселені шешуіміз керек. Бірінші кезекте техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы нормативті-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуге ұсыныс жасауымыз қажет», - деді ол отырыс барысында. Оның айтуынша, қазіргі таңда қалалық кәсіпкерлер палатасы осы бағытта ауқымды жұмыс жасап жатқан көрінеді. Палата жанынан аталған мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл топ қазір 16 нормативті-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу туралы ұсыныс дайындады. Сонымен қатар, Вера Цзинь кәсіптік және техникалық білім беру саласындағы кәсіпкерлер үшін кездесетін әкімшілік кедергілер туралы да айтып өтті. «Бізде колледждер Үкіметтің қаулысымен бекітілген кәсіптік және техникалық білім берудің мемлекеттік жалпы білім беру стандарты бойынша жұмыс жасайды. Сонымен қатар, олар министрліктің талабына сай типтік оқу жоспары бойынша да жұмыс жасауы керек. Бұл да Үкіметтің №195 қаулысымен бекітілген. Енді қараңыз, колледж директоры қалай жұмыс жасарын білмей дал болады: типтік жоспармен бе, әлде мемлекеттік стандартпен бе?! Егер талаптардың біреуін орындамаса, оған Әкімшілік кодексті бұзуға тура келеді. Тіпті бұл оқу орнының жабылуына дейін соқтыруы мүмкін», - деді қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіптік техникалық білім беру саласын сараптау бөлімінің басшысы Вера Цзинь.

Соңғы жаңалықтар