Кәсіптік-техникалық колледждерге өздері жасаған бұйымды сатуға рұқсат беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін өңілердің бәрінде халықаралық стандарт бойынша маман даярлайтын колледждер пайда болады. Кейін қалған колледждердің бәрі соларға қарап бой түзейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылымы министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов «ҚазАқпарат» тілшісіне «Білімді ұлт» ұлттық жобасының аясында кәсіптік-техникалық білім беру саласы қандай өзгерістерге ұшырайтынын түсіндірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «білімді ұлт» деген ұлттық жоба әзірленген болатын. Соның ішінде кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту саласы бойынша 3 көрсеткіш көзделген, Соның бірі – 2025 жылға дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін кәсіптік біліммен 100 пайыз қамтамасыз ету. Жыл сайын бұл салада 100-150 мыңның арасында студент қабылданады. Оның 95 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін оқытылады. Осы мемлекеттік тапсырыс жеткіліксіз болғандықтан, жыл сайын 50 мың студент ақылы негізде білім алып келген болатын. Пандемия кезінде сол студенттендердің оқу ақысын төлеуде көптеген қиындықтар туындады. Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке осы жағдайды түзетіп, жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 пайыз тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамтамасыз етуді тапсырды. Ұлттық жоба осы міндетті орындауға де бағытталған», - ведомство өкілі.

5 жылға - 130 млрд теңге

Бұл межені орындау үшін министрлік кәсіптік-техникалық білім беру тапсырыстарын жыл сайын республикалық бюджет есебінен арттырып отырмақшы. Ал бұған дейін ол тек жергілікті бюджет есебінен шешілетін.

«Бірінші кезекте біз 9 сыныптан кейін түсетін абитуренттерді тегін қабылдауды алға қойып отырмыз. Осы мақсатта мемлекеттік тапсырыстың көлемі 2025 жылға дейін 70 мыңға ұлғаяды. Ол үшін республикалық бюджеттен 5 жылға 130 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұған дейін кәсіптік-техникалық білім беруге жергілікті бюджеттерден 95 мың орынға тапсырыс беріліп келгенін айттым ғой. Оның 20 мыңы «Еңбек» бағдарламасы бойынша қаржыландырылатын. Биыл ол бағдарлама жұмысын аяқтайды. Сонда келесі жылы жергілікті бюджет есебінен берілетін 76,4 мың мемлекеттік тапсырыстың үстіне республикалық бюджеттен 45 мың орын бөлінеді.

Жастарды тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамту жоспары

Жыл

Жергілікті бюджет

Республикалық бюджет

Қамту көлемі

2021

95 000

0

%

2022

76 400

45 000

70

2023

77 600

55 000

80

2024

80 500

60 000

90

2025

81 400

70 000

100

Емтихан орнына аттестат бағасы

Ернат Жүнісовтің айтуынша, тегін оқытылатын сұранысқа ие мамандықтардың тізімі жыл сайын бекітіліп отырады. Бұған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жергілікті еңбекпен қамту орталықтары атсалысады.

«Былтыр кәсіптік-техникалық оқуға қабылдаудың жаңа ережесін, «Ақша студентпен бірге» деген қағидатын бекіттік. Бұрын жергілікті әкімдіктер әр колледжге мемлекеттік тапсырысты өзі бөліп беретін. Оқу орындары сол бойынша студенттерді өздері қабылдайтын. Қазір бұл жүйені жойып, орнына жаңа тәсіл енгіздік. Ол бойынша студент қай колледжді таңдайды, мемлекеттік тапсырыс сол колледжге беріледі. Әр студентке 4 мамандық, 4 колледжді көрсету мүмкіндігін бердік. Оның үстіне оқуға түсу емтихандарын алып тастап, орнына аттестаттағы бағалардың ортақ балы мен бейін пәннің бағасын есепке аламыз», - дейді маман.

Бұл өзгерістердің басты мақсаты – Neet жастардың үлесін азайту.

«Қазіргі деректер бойынша жыл сайын кәсіптік-техникалық мамандық алып шыққан мамандарға деген қажеттілік 100 мыңнан сәл асады. Ал біз 2025 жылға қарай жыл сайын 150 мыңнан астам жасты тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамтимыз деп отырмыз. Бір жағынан, сұранысқа ие мамандықтардың тізбесі ауысып тұрады. Екінші жағынан, осынша адамды қамту арқылы біз жастардың өзін-асырай алатындай кәсіптік дағды алып шығуына жағдай жасауды көздеп отырмыз», - деді Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары.

Оның мәліметі бойынша, қазір бір баланы кәсіптік-техникалық мамандыққа баулу үшін 3 жылда шамамен 1 млн теңге кетеді.

APEC PetroTechnic-тің сәтті тәжірибесі

Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 20 құзыреттілік орталығын құру көзделген. Оның маңызын министрлік маманы бізге былай түсіндірді.

«Атырауда халықаралық стандарттармен маман даярлайтын APEC PetroTechnic дейтін техникум бар. Ол жерде оқыту 3 тілде жүреді. Аты айтып тұрғандай, мұнай-газ саласының мамандарын оқытады. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз OPITO дейтін халықаралық стандарт енгізгенбіз. Осы OPITO-мен оқып шыққан студенттерді әлемнің кез келген жерінде мұнай саласындағы компаниялар жұмысқа алады. Негізі әр саладағы осындай стандарттарды біртіндеп елдегі оқу орындарына енгізуіміз керек. Қазір Атыраудағы APEC PetroTechnic техникумына жоғары оқу орнын бітірген түлектер келіп түсетін болды. Халықаралық стандарттың басымдығын осыдан көруге болады», - дейді Ернат Жүнісов.

Мұндағы ең бірінші талап – ағылшын тілін меңгеру.

«Алғылшын тілін меңгеруі орташа көрсеткіштен жоғары болып тұрса, ондай талапкерді оқуға қабылдай аламыз. Қазір осы APEC-тен шыққан түлектер 100 пайыз жұмыспен қамтылған деуге болады. Жұмыс берушілер оларды талап әкетеді. Міне, дәл осындай 20 үздік колледжді жасақтамақшымыз. Әр өңірде кемінде бір осындай колледж болады деген сөз. Бұл жерде әр өңірдің экономикалық ерекшелігі ескеріледі. Мысалы, Қостанайда машина жасау саласы, Шымкентте жеңіл өнеркәсіп, Алматыда құрылыс саласы деген сияқты.

Осы 20 құзыреттілік орталығы қалған колледждердің білім деңгейін көтеретін үлгілік орталыққа айналады», - дейді сарапшы.

Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін мемлекет баллансындағы 350 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңалау көзделген. Ол үшін жергілікті бюджеттерден 10 млрд теңге жұмсау көзделген.

«Кейінгі 2 жылда бізде «Жас маман» атты үлкен жоба жүзеге асырылып келеді. Соның аясында 180 колледжді заманауи жабдықтармен қамтамасыз еттік. Осыларлың ішінен 20 колледжді таңдап алып, халықаралық стандарт бойынша маман даярлайтын құзыреттілік орталығы етіп бекітеміз. Ол үшін колледждер халықаралық аккредиттеуден өтеді. Сондай қатаң сүзгіден өткен 20 колледж құзыреттілік орталыққа айналады. Оларды құруға аса бір қаражат та керек емес. Халықаралық сертифакаттауға 20-30 млн теңге кетуі мүмкін. Оны жергілікті бюджеттер шешеді. Ендігі кезекте жергілікті бюджет есебінен 170 мемлекеттік колледжді «Жас маман» бағдарламасына сай етіп жабдықтаймыз. Оған шашамен 10 млрд теңгеде ақша қарастырылады.

Сонда 2025 жылға дейін заманауи құрылғылармен жабдықталған мемлекеттік колледждердің саны 350-ге жетеді», - дейді министрлік өкілі.

Әрине, уақыт өте келе бұл жабдықтарды жаңартып отыру керек болады. Министрлік оның да жолын қарастырған көрінеді.

«Қаражат мәселесін шешу үшін біз заңнамалық тұрғыда колледждердің зертханасында жасалған өнімді сатуға рұқсат бердік. Одан түскен табыстың бір бөлігін студенттерді ынталандыруға жұмсаса, қалғанын материалдық-техникалық базасын жаңартып отыруға бағыттайды», - дейді Ернат Жүнісов.

Демонстарциялық емтихан деген не ?

Ұлттық жобаның тағы бір бағыты – колледждердің бәрінде WorldSkills талаптарына негізделген демонстрациялық емтихан жүйесін енгізу.

Маманның айтуынша, бұл жүйе енгізілгеннен кейін бұрынғы билет суырып, сызба қорғап емтихан тапсыру келмеске кетеді. Әр студент өзі меңгерген біліктілікті іс жүзінде дәлелдеу керек.

«Яғни, дәнекерші болса, емтихан алушылардың алдында нақты тапсырма бойынша бір затты дәнекерлеп шығуы керек. Демонстарциялық емтихан комиссиясы жұмыс берушілерден құралады. Олар емтихан тапсырушының жұмыс орнын дайындаудан бастап аяқтауына дейінгі әрекеттерінің бәрін бағалайды. Биыл бұл емтихан жүйесін 72 оқу орнында енгізіп жатырмыз. 2025 жылға дейін колледждерде 100 пайыз демонстрациялық емтихан енгізіледі», - деді департамент диекторының орынбасары.

Бір сөзбен айтқанда, әдеттегі қорытынды емтихандарды практикалық емтиханмен алмастырады. Ал «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алу үшін емтихан қабылдайтын сарапшыларды жұмыс берушілерден жасақтау жолға қойыламақ.

«Бағалау кезінде арнайы оқытылған жұмыс беруші сарапшылар WorldSkills-тің CIS дейтін жүйесін пайдаланады. Бұл тамыр-таныстық сияқты адам факторларының алдын алуға бағытталған. 5 адам отырып бағаладық дейік. Мен біреудің өтініші бойынша аса жақсы тапсырмаған балаға жоғары баға қойып жіберсем, қалған бағалардан ерекшеленіп тұрады. Жүйе оны бірден тіркейді. CIS қабылдамай қойғандықтан, бағаны қайтадан қарау керек болады», - дейді Ернат Жүнісов.


Соңғы жаңалықтар