Кәсіпорындардағы вакцинация мәселесі корпоративтік әдеппен астасып жатыр - Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатының бұл жолғы эфирінде кәсіпорын қызметкерлерін вакцина алуға міндеттеу мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен бұл істегі мемлекеттің қисынын шамалап түсіндіріп көрейін. Мемлекет адамды еркінен тыс вакцина алуға күштей алмайды. Бірақ мемлекеттің бизнеске қызметкерлерінің екпе алуы туралы талап қоюға құқығы бар. Бұл талап қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған. Мысалы, біздің әрбір азаматтан өзімен бірге өрт сөндіретін құрал алып жүруін талап етуге құқымыз жоқ. Бірақ өрт қауіпсіздігінің ережесі бойынша, әрбір кәсіпорында ондай құрал болуы міндетті. Бұл – мемлекеттің талабы. Ал кәсіпорын өз қызметкерлері арасындағы антиваксерлердің проблемасын қалай шешетіні - басқа мәселе», - деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев егер жұмыс берушінің өз қызметкерлерін пандемия біткенше қашықтан жұмысқа жібере алатын мүмкіндігі болса, өз еркі екенін ескертті.

«Бұл мәселесі бір жағынан корпоративтік әдеппен астасып жатыр. Кәсіпорындар өз қатарында бүкіл ұжымды қауіпке душар ететін адамдарды ұстауға дайын ба? Мысалы, шылым шегу немесе шекпеу - әркімнің өз құқығы. Оны өзіңіз шешесіз. Мемлекет тыйым салып немесе міндеттей алмайды. Бірақ спорт дүкендерінің көбі мұндай зиянды әдеті бар адамдарды жұмысқа алмайды. Иә, мұны шылым шегушілерді кемсіту деп қарауға да болады. Бірақ бұл – жұмыс берушінің құқығы», - деген спикер вакциналау мәселесіне қатысты АҚШ-та өткен сотты мысалға келтірді.

«Жуықта Техастың федералдық соты Хьюстондағы ауруханалардың бірінің қызметкерлері берген шағымды кері қайтарды. Олар да вакцина алғысы келмеген. Сот қаулысында шағым берушінің вакцинадан бас тартуға құқығы бар екені, бірақ онда оған басқа жұмыс іздеуге тура келетіні жазылған. Сондағы судьяның сөзі маған ұнады. «Әрбір жұмыстың шектеуі болады, бірақ сол үшін сыйақысы да болады. Бұл – келісімнің бір бөлігі». Судья осылай деді. Осы сөзді осы жерде де қолданса, орынды болатын шығар», - деді Дәурен Абаев.


Соңғы жаңалықтар