Кәсіпорындар жалақының есебінен өз табысын арттырып отыр - Кәсіподақтар федерациясы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым орташа жалақының төмендеуіне себеп болған негізгі факторды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдында бір конференцияда спикерлердің біреуі кәсіпорындардың жалпы шығындарын таныстырған болатын. Сонда жалақыға кететін ақшаның азайғаны көрсетілді. Соңғы он бес жылдың ішінде кәсіпорындар жалақыға бөлетін ақшаны 52 проценттен 37 процентке дейін азайтты. Бұл ненің белгісі? Демек, кәсіпорындар жұмысшылардың есебінен өз табыстарын арттырып отыр», - деді Б.Әбдірайым Астанада өткен жиында.

Оның айтуынша, аталған үрдіс анық байқалады. Ал Беларусь пен Ресей сияқты көрші мемлекеттерде кәсіпорындардың жалақыға жіберетін жалпы шығындары 50 проценттен төмен түскен жоқ. «Сондықтан бұл мәселеге терең қарау қажет. Кәсіпорындар жұмысшылардың жалақысын бір межеде бекітіп қояды да, өз табыстарын арттырып отырады. Ал кейбір тауар мен қызметтерге сұраныс өсіп келеді. Демек, баға да жоғары. Баға көтерілгенде табыс жақсы түседі. Жалақы болса, бір деңгейде қалып отыр», - деп атап көрсетті Б.Әбдірайым.

Айта кетейік, бүгін Астанада «Қазіргі әлеуметтік-еңбек қатынастары. Қазақстанның теориясы мен іс-тәжірибесі» тақырыбында конференция өтті. Сол жерде ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Республикалық адвокаттар алқасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеді. 

Соңғы жаңалықтар