Кәсіпорындар газға көшкенде көгілдір отын тапшылығы артады - министр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай шамалы газ тапшылығы болады. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі нарықта газ тұтыну тұрақты өсіп жатыр. 2017-2021 жылдар аралығында 13,8-ден 18,6 млрд текше метрге дейін 4,8 млрд текше метрге өсті. Газ тұтыну бойынша жылдық орташа өсім - шамамен 7 пайыз. Тұтынудың серпінді өсуі аясында 2025 жылға қарай шамалы газ тапшылығын болжап отырмыз. Алайда егер тау-кен металлургия кәсіпорындарымыз көмірден газға белсенді көшетін болса, онда тапшылықтың көлемі елеулі болмақ. Осы жағдайда еліміздің ресурстық базасын толықтыру мәселесі туындайды. Ол үшін газ барлау, өндіру және өңдеу сияқты барлық кезеңде газ жобалары үшін преференциялар қажет. Бұдан басқа, жер қойнауын пайдаланушылар үшін ынталандыру бағасын беру мәселесі пысықталып жатыр», - деді министр..

Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін газ құрылымы бойынша негізінен ілеспе мұнай газы саналады. Яғни, оны кәдеге жарату мұнай өндіру қарқыны мен көлеміне әсерін тигізеді.

«Қазақстанда газ өндірудің 80 пайыздан астамын Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз жобалары қамтамасыз етеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша шикі газ өндіру 53,8 млрд текше метрді құрады. Оның ішінде газ өндірудің 81 пайызы үш ірі жобаның үлесіне тиесілі. Бұл ретте жалпы өндірілген газдың 32 пайызы жер қыртысының қысымын ұстап тұру үшін қабатқа кері айдалды, 20 пайызы жер қойнауын пайдаланушылардың өз мұқтаждарына, электр энергиясын өндіруге және кәдеге жаратуға пайдаланылды. Сондай-ақ 48 пайызы тауарлық газға қайта өңделді», - деді Болат Ақшолақов.


Соңғы жаңалықтар