Кәсіподақтар туралы жаңа заң жұмысшыны кемсітушілікке жол бермеуі тиіс - Р. Сәрпеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіподақтар туралы жаңа заң жұмысшыны кемсітушілікке қарсы проблемаларды шешуі тиіс. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Рамазан Сәрпеков осылай мәлім етті.

«Жаңа заң миллиондаған еңбеккерлердің мүддесін қорғауы тиіс. Ал қолданыстағы 1993 жылы, 21 жыл бұрын қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» заң бүгінгі талаптарға жауап бермейді. Қазір еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуы, қоғамдық тұрмыстағы да өзгерістер, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы шиеленістер түрлі деңгейге көтеріліп кетті. Сол үшін жаңа заңның қажеттілігі өзекті», - деп атап өтті депутат Рамазан Сәрпеков. Сонымен қатар, депутат жаңа заңның еңбек қатынастарындағы бірқатар өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізуі тиістігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа заң жобасы қабылданса, ол бүгінгі күні қордалана бастаған бірқатар өзекті мәселелерді шешуі тиіс. «Біріншіден, кәсіподақтардың рөлін арттыру керек. Екіншіден, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы әлеуметтік диалог қалпына келуі шарт. Көп мәселе дау-дамайға ұласпай-ақ, алғашқы сатыда еңбеккерлер мен жұмыс беруші арасында шешімін табуы тиіс. Бұдан басқа, еңбек дауларын шешуде кәсіптік одақтар тиімді құрал ретінде қаралуы қажет. Сонымен қатар, жұмысшыны кемсітуге жол берілмеуі керек. Соның ішінде, әсіресе батыс облыстарында, мұнайлы өңірлерде қазақстандық азаматтар мен шетелдік жұмысшылар арасындағы жалақыға қатысты кемсітушіліктер орын алғаны белгілі. Осының бәрін кәсіптік одақтар туралы жаңа заң тиімді шешсе игі», - деді депутат Р. Сәрпеков.

Соңғы жаңалықтар