Кәсіподақтар мен адвокаттар бірігіп жұмыс істеуге келісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Республикалық адвокаттар алқасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның айтуынша, меморандум аясында заңгерлер жұмысшыларға көмек көрсетіп, барлық өзекті мәселелер бойынша кеңес береді.

«Жұмысшыларға көмектесіп қана қоймай, олардың құқықтарын да қорғайтын болады. Ашығын айту керек, бүгінде жұмысшылардың барлығы бірдей қызметте болсын, ұжымда болсын, өз құқықтарын қорғай алмай жүреді. Біреудің құқықтық сауаттылығы төмен болса, енді біреулерге қаржылық жағдай қолбайлау жасайды және тағысын тағы. Сол себепті біз Республикалық адвокаттар алқасымен бірлесіп барлығына көмек беруді көздейміз. Осы жұмысқа облыстық соттар да атсалысады», - деді Б.Әбдірайым журналистерге берген сұxбатында.

Меморандумға Республикалық адвокаттар алқасының атынан осы ұйымның басшысы Әнуар Түгел қол қойды.

Айта кетейік, бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Қазіргі әлеуметтік-еңбек қатынастары. Қазақстанның теориясы мен іс-тәжірибесі» тақырыбында конференция өтті. Сол жерде танымал экономистер, сарапшылар мен қоғам белсенділері еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылады. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның сөзіне қарағанда, осы іспетті талқылау алаңдары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Негізгі мақсат - кәсіподақтардың жұмысына серпін беру.

Соңғы жаңалықтар