Кәсіподақтар федерациясы үндеу жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР кәсіподақтар федерациясы еліміздегі жағдайға байланысты үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда біздің еліміз әлемнің көптеген елдері сияқты қиын кезеңдерді бастан өткеруде. Мұнай бағасының құлдырауы және коронавирустық пандемия Қазақстан үшін төтенше сыртқы қауіп болып тұр. Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мәселесі ел басшылығының бақылауында. Кәсіподақтар федерациясы Президенттің төтенше жағдайды енгізу туралы шешімін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің бюджет шығыстарын азайту, аймақтардағы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және елдің ақша-қаржы нарығын тұрақтандыру жөніндегі шаралар қабылдау қажеттігі туралы үндеуін қолдайды», - делінген Үндеуде.

Сонымен қатар, федерация өз мүшелеріне, әлеуметтік әріптестерге орын алған қауіптерді азайту мен қоғамдағы жағдайды тұрақтандыру үшін күш біріктіру қажет екендігін жеткізеді.

«Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметін, жұмыс берушілер мен екінші деңгейлі банктерді:

- қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау шараларын қабылдау кезінде әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының пікірін ескеру мен сүйенуге;

- жұмысшылардың жаппай босатылуына, жалақы бойынша берешек пен әлеуметтік аударымдардың төленбеуіне, жалақының төмендеуіне, еңбек жағдайының негізсіз нашарлауына жол бермеуге;

- қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету, жұмыс орындары мен кеңселерде қауіпсіз жағдайлар жасау, жұмыс режимін қазіргі заманғы байланыс құралдарын қолдана отырып, қашықтан жұмыс істеу жолымен қалыптасқан жағдайға бейімдеуге;

- төтенше жағдай енгізілген мерзімде несиелік төлемдер мен пайыздық өсімдерді төлеуден уақытша босату мүмкіндігін қарастыруға шақырамыз», - делінген Үндеуде.

«Салалық кәсіподақтарға, кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктеріне, кәсіподақ ұйымдарына, кәсіподақ мүшелеріне:

- әлеуметтік әріптестермен бірігіп қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға ат салысуды, еңбек ұжымдарында төтенше жағдай талаптарын сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;

- жұмысшылардың жаппай жұмыстан шығарылуын болдырмауға, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлеуге кәсіподақтық бақылауды күшейтуді;

- еңбек заңнамасының, ұжымдық шарттардың сақталуын бақылауды күшейтуді;

- әлеуметтік әріптестермен бірге жұмыс берушілермен кеңесе отырып, еңбек заңнамасының сақталуы мәселелеріндегі атап айтқанда, еңбекақының уақтылы төленуін, кәсіпорын жұмысы мәжбүрлі тоқтағандағы және уақытша еңбекке жарамсыздық төлемін төлеуді, карантинге байланысты үйде балаларымен отыруға мәжбүр болған қызметкерлерге ақылы еңбек демалысын беруді, қызметкерлерге айыппұлсыз бос уақыт беру және кестеден тыс еңбек демалысын беру мүмкіндіктерін қарастыру жұмыстарын жандандыруды;

- вирустың уақтылы анықталуы және оның таралуын болдырмауда ауызбіршілік танытып, медициналық қызметтердің жұмысына көмектесуді;

- қоғамда дүрбелең тудырмас үшін ұжымдарда медициналық қызметкерлердің қатысуымен аурудан айығу оқиғаларын ескерте отырып, аурудың алдын-алу шараларын, сонымен қатар жеке бас гигиенасы, тамақтану және т.б мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;

- түрлі әлеуметтік-еңбек мәселелерін (қызметкерлерді жұмыстан босату, жалақыны төлемеу, еңбек жағдайының нашарлауы, еңбек заңнамасының бұзылуы және т.б.) шешу мақсатында бастауыш кәсіподақ ұйымы және кәсіподақ мүшелерімен тікелей байланыс орнатуды;

- жұмысшылардың құқықтары бұзылған жағдайда хабарласу үшін әлеуметтік желілерде «жедел желі», Кәсіподақ орталықтарында сенім телефондарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді;

- жұмысшылардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін кәсіподақтардың заң қызметтерін онлайн режиміне көшіру қажеттілігін қарастыруды ұсынамыз.

Барлық азаматтарды үрейге бой алдырмай, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және азаматтық жауапкершілік көрсетуге шақырамыз.

Адам өмірін қорғау басқа құндылықтардың бәрінен жоғары тұруы тиіс. Қиындықты бірлесіп қана еңсере аламыз. Сондықтан ауызбіршілік танытайық.

Аталған қауіптерді азайту бойынша біздің бірлескен іс-қимылдарымыз және белсенді жұмысымыз азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын, өмірі мен денсаулығын сақтауға ықпал ететініне сенімдіміз», - делінген үндеу мәтінінде.


Соңғы жаңалықтар