Кәсіподақ төрағасы: Бізді БАҚ еңбек орындарында оқыс оқиға болғанда ғана еске алатын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президент сайлауына кандидат ұсынған Қазақстан кәсіподақтар федерациясы саяси науқанның қорытындысын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас кеңестің жиынында кәсіподақ ұжымы бұл сайлауға қалай дайындалғанын, кімдердің арқасында науқанды өз деңгейінде өткенін еске алып, есеп берді.

Федерация төрағасы Бақытжан Әбдірайым бұл сайлау кәсіподақ саласында қордаланған мәселелердің Үкіметтік деңгейде шешімін таба бастағанын айтады.

«Жинаған даусымыз кәсіподақ мүшелерінің санынан аз болғанын білеміз. Бұл жерде өзімізден де кемшіліктер кетуі мүмкін. Жаңа сайланған Президенттің біз ұсынған сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан мәселелерді бақылауға алғаны қуантты. Біздің кандидат көтерген мәселелер мен ұсыныстардың өзекті екенін атаған Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмысында айтылған дүниелерді басшылыққа алатынын атады. Көптен бері Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмей кеткен. Ол да жаңартылғалы жатыр. Осының бәрі кәсіподақ федерациясының Президент сайлауына белсенді қатысуының арқасында болды деп есептейміз. Қазақстан кәсіподақтар федерациясы 114 жылдық тарихында бірінші рет өз кандидатын Президенттіке ұсынып отыр. Сондықтан, бұл сайлау біз үшін тарихи мәнге ие науқан болды», - дейді Бақытжан Әбідрайым.

Федерация төрағасы еңбек қатынасында әділдік орнату мәселесін кандидат Аманкелді Таспихов көтергендей ешкім қозғамағанын айтады.

«Біздің кандидат медия-тұлға емес еді. Ал бағдарламамыз нақты бір салаға ғана қатысты болды. Бізді БАҚ өкілдері еңбек орындарында оқыс оқиға болғанда ғана еске алатын бұған дейін. Ал біз күресетін дүниелер көп. Көлеңкелі бизнес, қаналған еңбекті қалпына келтіру сияқты бітіп бермейтін даулармен күнделікті айналысып келеміз. Кандидатымыз электоралды науқан кезінде Үкімет пен Парламентке бірнеше рет үндеу жасады. Бір айлық үгіт-насихат жұмыстарының арқасында еңбек қауіпсіздігіне қатысты өзекті проблемалар шешімін тауып жатыр. Парламент кәсіподақ ұйымдарының мәртебесін көтеруге ниет танытып, заңнамаға өзгерістер енгізбекші. Осы тұрғыдан алғанда біздің сайлау қарсаңындағы жұмысымыз желге ұшқан жоқ», - дейді кәсіподақ басшысы.

Жиын барысында аталмыш сайлауға белсенді қатысқан федерация мүшелері марапатталды.

Соңғы жаңалықтар