Кәсіподақ «Арселор Миттал Теміртау» басшылығын жалақыны көтеруге көндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Жақтау», «Қорғау» мүшелік ұйымдары мен еліміздегі ең ірі тау-кен металлургиялық компания арасында алты аптаға созылған келіссөздердің нәтижесінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмыскерлерінің жалақысын көбейтетін болып шешілді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы таратқан мәліметтерге қарағанда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Наир Биджу «АрселорМиттал Теміртау» АҚ құрамына кіретін құрылымдық бөлімшелердің барлық қызметкерлерінің жалақысы осы жылдың 1 шілдесінен бастап өсетінін айтты.

Өсім жартылай 20000 теңге көлемінде қосымша бекітілген тұрақты сипаттағы ай сайынғы төлем түрінде және жартылай жұмыскерлер жалақысының 6 пайызы мөлшерінде болады.

Компания басшылығының пікірінше, еңбекақының өсімі компанияның барлық қызметкерлеріне қатысты.

Кәсіподақтар мен кәсіпорын әкімшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылдың шілдесінің басында компанияның барлық жұмысшыларына бір реттік 150 000 теңге төлеу түрінде қосымша әлеуметтік қолдау туралы келісімге келді.

Жұмыскерлердің өкілдері яғни металлургтер және көмір өндірушілер кәсіподақтарының көшбасшылары Виктор Щетинин мен Евгений Буслаев қол жеткізілген келісімдерге оң баға берді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығының хабарлауынша, қабылданған шешімдер әлеуметтік әріптестік шеңберінде келіссөздер үстелінде ымыраға келудің жақсы мысалы болып табылады.

Виктор Щетинин «Еңбек Адамдарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мәселелерін келіссөздер үстелінде шешу тиімдірек. Бірлескен пікірталастар бір-бірін жақсырақ түсінуге және өндіріс процесіне, лайықты еңбек жағдайы мен лайықты жалақыны қалыптастыруға оң әсер ететін бірлескен шешімдер қабылдауға септігін тигізеді», - дей келе, жұмыс берушілер тарапына ризашылығын білдірді.

Ал Евгений Буслаев «Біз жұмыскерлердің де, жұмыс берушілердің мүдделеріне сәйкес келетін ең ұтымды нұсқаны қабылдадық. Менің ойымша, еңбек ұжымы, адами капитал кез-келген компанияның ең басты байлығы екенін бәрі түсінеді», - деп атап өтті.

Кәсіподақтар мен «АрселорМиттал Теміртау» әкімшілігі арасындағы бірыңғай ұжымдық келісімшартта жұмыскерлер жалақысын жыл сайын индекстеу қарастырылған. Тек осы жылдың өзінде ол 7,5 пайызды құрады.

Естеріңізге сала кетейік, кеншілердің жалақысы 2017 жылы 30 пайызға, металлургтердікі 18 пайызға көтерілді, ал 2019 жылы компанияның барлық санаттағы қызметкерлері үшін өсім 10,75 пайызды құрады.


Соңғы жаңалықтар