Кәсіпқой бокс: Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы белгілі болды

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (2-0-0,1КО) Америкадағы алғашқы жекпе-жегінде колумбиялық боксшымен жұдырықтасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Боксшының PR-менеджері Берік Сұлтанның хабарлауынша, отандасымыз кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жегін 28 қыркүйек күні Американың Калифорния штаты Окленд қаласында өткізеді. Жәнібектің қарсыласы -колумбиялық Карлос Галван.

Айта кетейік, Карлос Галван 2011 жылы 30 қыркүйекте алғаш кәсіпқой рингке шығып, жалпы 24 кездесу өткізген. 27 жасар боксшы кәсіпқой рингте 16 рет жеңіске жетіп, 15 қарсыласын нокаутқа жіберген, 7 жекпе-жекте жеңіліп, 1 рет тең түскен.

Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы үстіміздегі жылдың қаңтар айында ҚР ұлттық құрамасындағы мансабының аяқталғанын жариялаған болатын. Кейіннен кәсіпқой боксқа біржола бет бұрғаны белгілі болды.

Арада көп өтпей оның белгілі промоутер Боб Арумның «Top Rank» компаниясымен келісімшарт жасасқаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар