Кәсіпқой бокс: Тұрсынбай Құлахмет алғашқы жеңісіне қол жеткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық былғары қолғап шебері Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой бокстағы тұсаукесер жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы кездесуінде ол Сағадат Рахманқұловпен қолғап түйістірді. Жекпе-жекте екі боксшы да тартысты ойын көрсетті. Алғашқы раундта Сағадаттың басымдығы аңғарылды. Одан кейін олар тең деңгейде ойнады. Ал төртінші раундта Тұрсынбай басымдығын байқатты. Сағадаттың бапкерлері оны бесінші раундқа шығармау жөнінде шешім қабылдады. Нәтижесінде Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Тұрсынбай Құлахмет 1994 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2019 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ол жартылай финалға дейін жетті. Жартылай финалда филиппиндік Эумир Марсьялға жол беріп қойды.

Сол жылы Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. Ол жолы финалда Ашиш Кумарды қапы қалдырып кетті. Бұдан кейін қызылордалық спортшы кәсіпқой боксқа ауысатынын жариялады.

Бүгінгі бокс кешінде бұдан бұрын Рай Сейітжанов қарсыласы Талғат Бертілеуовті, Нұрдос Төлебай қарсыласы Нұржан Мақашбаевты, Али Балоев әріптесі Юрий Быховцевті, Сапарбай Айдаров Абай Төлештен басым түсті. Алда Виктор Коточигов пен Андрей Исаевтың, Қамшыбек Қоңқабаев мен Иса Акбербаевтың жекпе-жегі бар.


Соңғы жаңалықтар