Кәсіпқой бокс: Айдос Ербосынұлы қарсыласын ұтып, атақтарын қорғап қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Минскіде (Беларусь) қазақстандық Suleimen Promotions промоутер компаниясы ұйымдастырған бокс кеші мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы жекпе-жекте екінші орта салмақта қазақстандық, екінші дәрежелі WBO Global, WBC Asia және WBA International титулдарының иегері Айдос Ербосынұлы (13-0) мен германиялық, түбі нигериялық Нуху Лаваль (27-6) рингке шықты.

Айқас барысында бойы мен қолының ұзындығын пайдаланған Айдос қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберді.

Бұдан кейін де А.Ербосынұлы сауатты бокстасып, шеберлігі басым екендігін көрсете білді. Он раундқа созылған бәсеке мерзімінен бұрын аяқталмағанымен, жеңіс төрешілердің бірауыздан шешімімен Айдостың еншісінде кетті.

Осылайша Айдос Ербосынұлы 14-інші жеңісіне қол жеткізіп, өз атақтарын қорғап қалды.

Бұл бокс кешінде күтпеген жағдай да болды. Жартылай орта салмақта қазақстандық, екінші дәрежелі WBA Inter-Continental, WBO Oriental және IBF Australasian титулдарының иегері Нұрсұлтан Жаңабаев он раундқа есептелген бәсекеде франциялық Сэнди Мессаудпен жұдырықтасты. Екінші раундта Нұрсұлтан нокдаунға түсіп қалса, жетінші кезеңде қабағы жарылғандықтан, рефери кездесуді тоқтатты. Жеңіс төрешілердің шешімімен С.Мессаудқа берілді.

Сөйтіп Н.Жаңабаев барлық атақтарынан айырылып қалды.

Ал 2019 жылғы Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастады. Ол мажарстандық Тамаш Ласкуді (19-22-1) бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді. Тағы бір қазақстандық Евгений Павлов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады. Ол да мажарстандық Патрик Хорватпен рингке шығып, екінші раундта қарсыласын төрт рет нокдаунға түсірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық боксшының салмағы әлдеқайда ауыр қарсыласын техникалық нокаутпен жеңгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар