Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тұжырымдамасы нені көздейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың қыркүйегінде өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ ҚР Президенті Шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырған еді.

«Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Құжатта бизнесті тікелей, адрессіз қолдау мен субсидиялаудан мейлінше нарықтық құралдар мен әдістерге көшу мәселесі қарастырылады. Жалпы шағын және орта бизнес санының өсуіне қарамастан, орташа компаниялар үлесінің төмен болуы – бұрынғы және әлі күнге дейін шешілмеген проблема. Дәл осы компаниялар мейлінше орнықты әрі бәсекеге қабілетті. Осыған байланысты шағын бизнестен орта санатқа көшу үшін реттеуші және ынталандырушы жаңа шаралар қажет. Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, жыл аяғына дейін Шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта тұжырымдама жобасы Үкіметте қаралып жатыр.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тұжырымдамада шағын және орта кәсіпкерлікті (бұдан әрі – ШОК) дамытудың қағидаттары мен тәсілдері қалыптастырылған. Олар басым салаларда шағын және орта бизнесті қолдаудың баламалы тетіктерін енгізу арқылы пандемиядан кейінгі дамуды қамтамасыз етуге, ШОК ұшырайтын негізгі шектеулерді жоюға, жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін тең жағдайлар жасауға және заңнаманы және заңның үстемдігін әкімшілік жеңілдету мен жетілдіру арқылы ШОК-ты дамытуға жәрдемдесуге бағытталған.

Жоба ШОК субъектісінің сапалық жай-күйіне байланысты олардың қол жетімділігінің градациясын қайта қарау мақсатында дамудың барлық құралдарын қамтиды.

Атап айтқанда, біріншіден, талап етілмеген құралдардың қайталануын болдырмау және күшін жою есебінен қолданыстағы реттегіш құралдардың санын қысқарту қарастырылады.

Екіншіден, жеке бастаманы, экономикалық белсенділікті және кәсіпкерлік тәуекелге әзірлікті көтермелейтін ашық және инклюзивті жүйені құру арқылы шағын бизнесті орта және орта бизнеске, ірі бизнеске трансформациялауды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу фокусының бағыты айқындалады.

Үшіншіден, ШОК-ті дамытудың мемлекеттік жүйесінің құралдарын ұсыну мәселелерінде мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы кезінде скоринг тетіктері негізінде қабылданатын цифрлық шешімдерді пайдалану көзделеді.

Төртіншіден, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды Өңірлік даму институттарына трансформациялау арқылы, сондай-ақ Өңірлік даму институттары жанында жұмыс істейтін келісімшарт жасау орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету арқылы ірі компаниялар мен ШОК арасындағы тікелей байланыстарды дамыту және кеңейту арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау жолға қойылады.

Бесінші, жетекші университеттерге (немесе салалық бірлестіктер мен қауымдастықтарға) инжинирингтік орталықтар құру және дамыту үшін ынталандыруды ұсыну арқылы ШОК субъектілерінің ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізуі үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құруға жол ашылады.

Алтыншы, реформаларды ілгерілету мен елдің орта табын нығайту үшін өзек – тәуелсіз және бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпкерліктің шоғырын құру жолға қойылады.

Бұл тәсілдер мемлекет пен бәсекеге қабілетті бизнестің өзара күтулері мен мүдделерінің тоғысында тұр. Осыған байланысты тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында орта кәсіпкерлікті дамыту басымдығы бар нарықтық тәсілдер мен құралдарға көшуді көздейтін іс-шаралар ұсынылады.

Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін жобада кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларын ауыстыруға келетін мемлекеттік қолдау іс-шараларының мынадай бағыттарын әзірлеу көзделеді:

Бірінші бағыт – «Мен кәсіпкер». Онда бастауыш кәсіпкерлерге қолжетімді барлық мемлекеттік іс-шаралар мен құралдар біріктіріледі. Негізгі қағидат – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді шектеулі уақыт кезеңінде орнықты өсу мен даму траекториясына шығуға ынталандыру.

Екінші бағыт «Бәсекеге қабілеттілік» және жылдам дамып келе жатқан кәсіпорындарға қолжетімді барлық мемлекеттік шаралар мен құралдар біріктірілетін болады.

«Тұжырымдаманы іске асыру ҚР 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында, 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жобасында және басқа да стратегиялық құжаттарда айқындалған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған. Ұсынылып отырған тұжырымдама жобасын қабылдау шағын бизнесті орта бизнеске және орта бизнесті ірі бизнеске айналдыруға ықпал ететін болады. Бұл өз кезегінде жалпы экономикаға оң мультипликативтік әсерді қамтамасыз етеді», - деп атап өтеді Ұлттық экономика министрлігінен.


Соңғы жаңалықтар