Кәсіпкерлікті дамыту жоспарлары кешіктірілмеуі керек- Бақытжан Сағынтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заң бойынша жоспарлар легі кешіктірілмеуі тиіс. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов 2018 жылы 24 мамырда Мемлекет басшысы Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға қол қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы заң шеңберінде жүргізілген реформалардың маңызын ескеріп, оның сапалы іске асырылуына баса назар аудару керек.

«Үкімет регламентінің талаптарына сәйкес осы жылдың 29 мамырында Премьер-Министр Кеңсесіне Сіздің (Үкімет басшысына - авт.) өкіміңіздің барлық мемлекеттік органдармен келісілген жобасы ұсынылды. Оған заңды іске асыру үшін қабылдау қажет нормативтік-құқықтық актілердің тізбесі бекітіледі», - дейді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, заңды іске асыру үшін 146 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілері қабылдануы тиіс. Оның ішінде «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның позицияларын жақсарту мақсатында 24 нормативтік құқықтық актілер қабылдау зор маңызға ие.

«Заңды кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізілуде. Осы тапсырмаңызды орындау мақсатында 8 маусымнан бастап Павлодар, Көкшетау, Алматы, Ақтөбе қалаларында жақын жердегі өңірлерді тарта отырып, кәсіпкерлер арасында ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жүргіздік. Аталған жұмысқа жергілікті атқарушы органдардың, Бас прокуратураның, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және оның өңірлік палаталарының өкілдері, бизнес-қауымдастықтар, сондай-ақ бизнестің өз өкілдері қатысты», - деді ол.

Отырыс барысында кәсіпкерлікті дамытуға жауапты басшылардың баяндамасын тыңдаған Бақытжан Сағынтаев Үкімет мүшелеріне заңды іске асыруға баса маңыз беруді тапсырды.

«Мерзімдерін (заң бойынша жоспарлар мерзімін - авт.) тағы бір рет қарап шығу керек. Қазір Қанат Алдабергенұлы (Бозымбаев - авт.) «Аталған заңдар қараша айында қабылданады» деп айтып жатыр. Тағы да жарты жыл күтіп жүреміз. Не себепті, ұзақ уақыт күту керек. Шешім қабылданды. 24 мамырда жария түрде қол қойылды. Одан бері 1 ай өтті. Біз енді ғана кешеуілдетіп біздің жоспарымызды қабылдап жатырмыз. Ал министрліктер тарапынан қабылданатын нормативтік-құқықтық акттер жылдам түрде өтуі керек. Бүкіл мерзімдерін ұсынылған кесте бойынша қайта қараңыздар. Екіншіден, сапалы түрде қабылданатын болсын. Кеше іссапарда болған кезде Ақмола облысында кәсіпкерлер көптеген ұсыныстар айтты. Ерболат Әскербекұлы, (Досаев, ҚР Үкімет басшысының орынбасары - авт.), қосымша жиынтығын алып, тағы да ұсыныстарды қарау керек», - деді Үкімет басшысы өзінің орынбасарына қарата айтқан сөзінде.

Соңғы жаңалықтар