Кәсіпкерлік туралы заң дер кезінде өзгерді - Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов

None
None

 

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық аграршылар кәсіпкерлік туралы жаңа заңды талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен келіп, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. 

Жиын барысында жақында Президент жария түрде қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды талқылады. Тәжірибелі шаруалар жаңа заң әуелі еркін кәсіпкерлікке жол ашады деп отыр. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың айтуынша, кәсіпкерлік туралы заң дер кезінде өзгерді.

«Өздеріңіз білесіздер, Елбасы бизнес шығындарын жаппай төмендету жөнінде заңда қарастырылған шаралар мен бәсекеге кедергі келтіретін нормалардың алынып тасталғаны туралы айтты. Біз бұны бірнеше жыл бойы күттік. Дер шағында шешім қабылдап, кәсіпкерлерге мүмкіндік ашқан Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымыз шексіз. Енді фермерлеріміз қағазбастылықтан арылып, еркін кәсіпке ұмтылуы тиіс», - деді Сайран Бұқанов басқосу барысында.  -  Мен қырық жылдан астам уақыт «Қарқын» шаруа қожалығын басқардым. Мемлекет тоқсаныншы жылдары жер туралы үлкен реформа жасады. Әркім жекеге кетті. Кеңшар бөлінді. Мен де бөлініп шыққым келді. Дәл сол уақыттарда Мемлекет басшысы облысқа келіп, біздің шаруашылықта болды. Ол кісі егіс алқабын диверсификациялап, егістікке майлы дақылдарды кіргізу керектігін айтты. Міне, Елбасының сол ұсынысы арқылы кәсібіміздің жемісін көріп келеміз».
null

Тәжірибелі диқанның сөзіне құлақ түрсек, ауыл шаруашылығы саласында шешілмеген мәселелер әлі де жетерлік.

«Елде комбайн, тракторлар көптеп шығарылады да, оның қосалқы бөлшектерін құрастыратын зауыттар жоқ. Дала жұмысына салынатын техникалар бұзылмай тұрмайды. Оларға техникалық сервистерден өткізіп, жөндеу қажеттігі туындағанда біраз қиналып қаламыз. Тіпті, қарапайым резеңке бөлшектер, дискаторлар, тырмалар, культиваторлар жетпей жатады. Фермерлер осы аталған құрылғыларды Ресейден немесе мұхиттың арғы жағынан алдыртады. Бұл қомақты қаражатты талап ететіні айтпаса да түсінікті. Мысалы, күнделікті пайдаланатын егін сепкіш құрылғыны батыс елдерінен алдырғанда ресейлік зауыттардағы бағадан 3 есе қымбат төлейміз. Осы бағытта мемлекеттен қолдау күтеміз», - деген ұсынысын айтты Сайран Бұқанов Үкімет басшысына.

Қозғалған мәселелерге қатысты Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев түсінік берді. Оның айтуынша, ауылшаруашылық қосалқы бөлшектер шығару үшін білікті кадрлар қажет. Алдымен осы сауал шешімін тапса, елде қосалқы бөлшектерін құрастыратын зауыттардың қатары көбейеді.

Жиында белгілі болғандай, Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектерін шығару мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырмақ.

Соңғы жаңалықтар