Кәсіпкерлердің жол картасы әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздегі кәсіпкерлерге импорт пен экспорт мәселелері бойынша көмектесетін арнайы Жол картасы әзірленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандық тауар өндірушілердің барлығын бір алаңға жинау - отандық кәсіпкерлерге өндіріс, қайта өңдеу, саласында тәжірибе алмасып, жаңа бағыттарды айқындауға мүмкіндік беріп, сапаны арттыруға ынталандырады. Осы күндері қазақстандық тауарларды насихаттау және оларды кеңінен таныту мақсатында Әзербайжан, Корея, Малайзия, Польша, Түркия және Өзбекстан секілді шет елдерден келген бизнес делегациялармен кездесулер өтіп, халықаралық құжаттарға қол қойылатынын айта кету керек. Бұл - экспортқа тауар шығаруға әлеуеті жеткілікті қазақстандық кәсіпорындарға тың серпін беріп, экспорттық шарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді», - дейді «Даму» қорының басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева.

6 мамыр күні «Ulttyq ónim - 2019» көрмесі аясында «Даму» Қоры мен Ernst&Young Poland (Польша) арасында семинар өтіп, стартаптардың заманауи экожүйесін құру жобасын жүзеге асыру барысы талқыланады. Сол күні кәсіпкерлерге арналған «Ислам қаржысы: Қазақстан ШОБ қолдау саласындағы дамудың балама бағыты» атты семинар да өтеді.

«Даму» қоры Қазақстан кәсіпкерлерін қаржылай қолдаумен қатар, шет елдік әріптестермен бизнес-шарттар аясын кеңейту, экспортты жандандыру бойынша мемлекет саясаты аясында технологиялық және өндірістік әлеуетті көтеруге де баса мән береді. «Ulttyq Onim» көрмесі халықаралық байланыстардың арқасында Қазақстан бизнесіне сыртқы нарыққа шығып, халықаралық сауданы жандандыруға мүмкіндік береді», - деді Гаухар Бөрібаева өз сөзінде.

Ал «Даму» қорының Басқарма төрайымының орынбасары Дәулет Әбілқайыровтың айтуынша, бүгін ШОБ-ты дамыту бойынша бірқатар халықаралық агенттіктермен келісімге қол қойылады.

«Меморандумдардан бөлек, арнайы Жол картасы әзірленеді. Демек, бұл тек ынтымақтастықты білдіретін құжаттар ғана емес, экспорт пен импорт мәселесін реттейтін, кәсіпкерлерге көмектесіп, шетелдіктермен байланыс орнатуда қол ұшын созатын саты-саты сайынғы тығыз жұмыс», - дейді ол.

Еске сала кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында отандық өндірушілердің V көрмесі өтіп жатыр. «Ulttyq ónim - 2019» көрмесінің басты мақсаты - шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетіп, отандық өнімнің насихатын арттыру.

Соңғы жаңалықтар