Кәсіпкерлердің шағын несие алуына арналған мобильді қосымша іске қосылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпкерлер жуық арада арнайы сайт немесе мобильді қосымша арқылы шағын несие алуға қол жеткізбек. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Елдар Жұмағазиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы - үш микронесие ұйымының құрылтайшысы және сенімгерлік басқару шарты бойынша «Қызылорда» АИО» ЖШС-ны басқарушы компания. Статистика үшін айтып өтейін, соңғы үш жылда 1671 жобаға 7,2 млрд теңгенің несиесі берілді. Ендігі кезекте микронесиені жедел түрде мобильді қосымша немесе сайт арқылы онлайн беру үшін автоматтандырылған скоринг қызметін іске қосуды көздеп отырмыз. Мұндағы мақсат - кәсіпкерді ара қашықтықта идентификациялау және керекті құжаттарды онлайн толтыру арқылы үйден шықпай 10 минутта несие ала алатындай жағдай жасау», - дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары.

Елдар Жұмағазиев, сондай-ақ, кәсіпкерлердің басты мәселелерінің бірі - қаржы екенін атап өтті.

«Осыған орай, барлық банктер мен қаржылық институттардың несие мүмкіндіктерін бір «несие агрегаторы» жобасы аясына біріктіріп, болашақта осы ресурс арқылы несие алуға берілген кәсіпкердің өтінішін барлық қаржы ұйымдары көре алатындай ортақ платформа жасауды көздеп отырмыз. Демек, ол жоба іске асса, кәсіпкерге бес-алты банкті аралап, уақыт жоғалту қажет болмайды», - дейді Елдар Жұмағазиев. 

Соңғы жаңалықтар