Кәсіпкерлерді онлайн саудаға үйрететін курстар басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда кәсіпкерлерді онлайн саудаға үйрететін курстар басталады. Тиісті тапсырманы Үкімет жауапты министрліктер мен «Атамекен» палатасына жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электронды сауда - көлеңкелі экономика көлемнің төмендеуіне және кәсіпкерліктің өсуіне ықпал ететін, Қазақстан экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында электронды сауда нарығының жалпы көлемі 2,2 есе өсіп, 435 млрд теңгені құрады. Электронды коммерция нарығын дамытуды ынталандыру бойынша белсенді жұмыс атқаруымыз керек. Ол үшін біріншіден осы секторды ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселесін тағы да қарауымыз керек. Екіншіден ірі қоймалардан бөлшектік сатып алушыларға дейін жеткізудің логистикалық тізбегін құру қажет. Ол үшін Қазпоштаны және жекеменшік курьерлік компанияларды тарту керек. Үшіншіден Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кең көлемде кәсіпкерлерді онлайн түрдегі саудаға үйрететін курстарды кеңінен енгізу қажет», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша тұтынушылардың құқығын толығымен қорғау мәселесі де маңызды. Қазақстанда электронды коммерцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасы әзірленген.

«Бүгінгі айтылған мәселелерді ескере отырып, осы жол картасы шеңберінде белсенді жұмыс жүргізуіміз керек», - деді ол.

Еске салсақ, Премьер-Министр электронды сауданы дамыту бойынша тапсырмалар берген еді.


Соңғы жаңалықтар