Кәсіпкерлерді қолдау өңірлік деңгейге ауысатын болады - Премьер-Министр орынбасары - Өңірлік даму министрі Б. Сағынтаев

None
None
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Күннің алғашқы жартысында Бірінші вице-премьер 2011 жылы пайдалануға берілген Көксарай қарсы реттегішін қарап шықты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Б. Сағынтаевтың сапары аясында Шымкентте 2010 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» аясында құрылған «Оңтүстік» индустриалды аймағына барды. «Индустриалды аймақтың аумағы 90 пайызды алып жатыр, бұл жерде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша 37,5 млрд. теңге сома көлемінде 42 жаңа жобаны іске асыру көзделіп отыр. Өткен жылы индустриалды аймақтың кәсіпорындары шығарған өнімнің көлемі 10 млрд. теңгені құраған болатын. Одан басқа, ағымдағы жылы Шымкентте жаңа индустриалды аймақтың ашылуы жоспарлануда», - делінген баспасөз баянында.

Бақытжан Сағынтаев «Оңтүстік» индустриалды аймақ аумағында «HILL Corporation» ЖШС, «SPIRIT Қазақстан» ЖШС және «Компания Юг Пласт» ЖШС кәсіпорындары шығаратын өнімдермен танысты. Сонымен қатар, Б. Сағынтаев Шымкент қаласында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысымен танысып, әлеуметтік инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер, саябақтар және демалыс аумақтары нысандарын салу жоспарланып отырған қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы құрылысын аралады.

Бұдан бөлек Үкімет басшысының орынбасары Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметімен, кәсіпкерлерге арналған құжаттарды рәсімдеу, рұқсат беру, жобаларды қаржыландыру және консалтингті оқыту қызметтерімен танысып шыққан.

Сонымен бірге, Бақытжан Сағынтаев Кәсіпкерлік орталықтың мәжіліс залында өңірдің бизнесмендерімен кеңес өткізіп, онда облыстағы кәсіпкерлерді мазалап жүрген көкейкесті мәселелерді талқылады. Оның барысында Бірінші вице-министр ағымдағы жылы Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тұжырымдамасы әзірленетінін, сонымен қатар, рұқсаттардың бірыңғай тізімін белгілейтін заң дайындалатынын атап өтті. Бұл шаралар рұқсат берудің барлық рәсімдерін автоматтандыруды қарастырады. «Ең бастысы, кәсіпкерлікті қолдау өңірлік деңгейге ауысатын болады. Осы орайда біз «Іскерлік климат» рейтингіне енейін деп жатырмыз. Бұл бойынша өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту жағдайын бағалап, сонымен қатар, осы бағытта әкімдердің жұмысына баға беретін боламыз», - деп мәлімдеді бірінші вице-премьер.

Сапар қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы активімен кеңес өткізді.

Соңғы жаңалықтар