Кәсіпкерлер жөн‑жосықсыз тексерулерден ығыр болып отыр - Қ. Сұлтанов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 10‑ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Кәсіпкерлер жөн‑жосықсыз тексерулерден ығыр болып отыр. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Премьер‑Министрінің атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Сұлтанов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өңірлердегі кездесулер барысында көпшілік жұрт  қазіргі кездегі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан ерсілі‑қарсылы, жоспарлы‑жоспарсыз, жүйесіз жүргізілетін тексерулердің көбейіп кеткеніне қобалжып, алаңдаушылық білдіреді. Әсіресе, осыны сағынғандай‑ақ мораторий мерзімі біткеннен кейін тексеру органдары кәсіпкерлерге қарай «дүр» көтерілген. Айтылған әңгімелерді тыңдасаңыз, жергілікті жерлердегі бюджеттік мекемелер мен ұсақ кәсіпорын құрылымдары тексерістің теперішінен ығыр болған. Мысалы, «Көкшетау» ұлттық паркіне ағымдағы жылдың жеті айында құзырлы құрылымдар 113 рет сыпыра тексеру жасаған. Бұндай мысалдар елдің әрбір өңірінен табылады», деді Қ. Сұлтанов.

Сонымен бірге, депутат Елбасының Парламент сессиясын ашу барысында осы мәселеге айрықша тоқталғанын, Үкіметке арнайы тапсырма бергенін атап өтті.   «Әсіресе, жемқорлыққа қарсы деген тексерулер адам құқығын сақтау мен қорғаудан гөрі, соны жүргізетін қызметкердің көңіл- күйімен, әмірімен, еркімен өткізілетін жағдайлар да өте көп. Үкімет осыған байланысты министрліктер мен ведомстволардың заңды орындау сапасын анықтап, халықтың кәсіпкерлік саласындағы құқығы мен еркіндігін қамтамасыз етудегі негізгі шараларын жария етуі қажет», деді Қ. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар