Кәсіпкерлер тұрақтандыру қорынан азық-түлікті қымбатқа сатып алуға мәжбүр болған

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жеке кәсіпкер арызданып, тұрақтандыру қорындағы азық-түлікті қымбат бағаға алуға мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, шағымданушы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан әкімшілік кедергінің жасалғанын хабарлаған.

Кәсіпкердің айтуынша, ол ауылдық жерде дүкен ұстайды. Сату үшін тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 5 түрін алмақ болады. Алайда акционерлік қоғамда оны әлеуметтік қантты қосымша алуға міндеттеген. Бұл тауар ол жерде басқа көтерме бағамен сатушылардан 30 теңгеге қымбат болған.

«Солтүстік» ӘКК» АҚ осылайша шағын бизнес субъектілері есебінен бұрын қымбат бағаға алынған азық-түліктен құтылмақ болған.

Ведомствоның араласуынан кейін барлық тараптардың қатысуымен кездесу өтіп, мәселе оң шешілді. Яғни, кәсіпкерлер қажетті азық-түлікті еш шектеусіз сатып ала алады», - делінген хабарламада.

Бұған дейін СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірнеше рет пара алған мемлекеттік аудитордың 7 жылға бас бостандығынан айырылғанын жариялаған болатын. Тексеру комиссиясының мүшесі анықталған олқылықтарға көз жұмғаны үшін 300 литр бензин алған.


Соңғы жаңалықтар